«Елімізде құрастырылып шыққан автокөліктер қарапайым азаматтарға қолжетімсіз, бағасы сапасына сай келмейді». Мәжілістің жалпы отырысында депутат Наурыз Сайлаубай осылай деді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өздеріңіз білетіндей, былтыр 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында елімізге заңсыз кірген автокөліктерді тіркеу туралы біржолғы шешім жасауды ұсынған болатын. Бірақ ол үшін арнайы талап бар. Яғни шетелдік көлік елімізге 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін кіруі тиіс. Ал 20 қаңтарда бұл көліктерді мемлекеттік тіркеу басталды.
Депутат Президент айтқан мерзімнен кейін кірген шетелдік көліктердің тағдыры жайлы сұрады. Мәжілісменнің айтуынша, елімізде мұндай 80 мыңға жуық көлік бар. Олардың саны көбеймесе, азаймайды. Себебі елімізде ескі көліктердің бағасының өзі шарықтап тұр.
Екі-үш жыл бұрын «Toyota Camry 20» автокөлігі 2 млн теңге тұрса, қазір 4 млн теңгеге жетті. Бұні біздің елде «Тойота» алсаң, өзіңе салған инвестиция» деп біледі. Себебі сатып алған ескі көліктің бағасы жыл өткен сайын қымбаттауда. Ал өзімізден құрастырылып шыққан автокөліктер қарапайым азаматтарға қолжетімсіз, бағасы сапасына сай келмейді. Шетелден ресми түрде сатып алайын десе, утилизациялық алым мен бастапқы тіркеу алымы мөлшерлемесінің құны көлік бағасынан да асып жатыр. Олардың саны күн сайын артып, алдағы уақытта тағы үлкен мәселеге әкеп соғуы әбден мүмкін, - деді депутат.
Осы орайда депутат премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында шетелдік тіркеуі бар көліктерді 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін де еліміздің шекарасына кіргізуге неге рұқсат берілгенін сұрады.
Сонымен қатар мәжілісмен шетелдік теркеуі бар көліктерді заңдастыру уақытын шекарамыздан заңсыз кіретін көліктерді өткізбеудің амалдарын тауып, нақты шарттарын бекіткенге дейін ұзартуды ұсынды. Бұдан бөлек мұндай көлік тізгіндегендердің арасында жалғыз басты аналар мен қоғамның осал топтарының мүшелері бар екенін ескеруді сұрады.
Бұл көлік иелерінің арасында жалғыз басты аналар, көп балалы және мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жасы 35-ке дейінгі жастар бар екенін ескере отырыңыздар, - деді Сайлаубай.