29.10.2025
14:03
412
Мәжіліс жасанды интеллект туралы заң қабылды

Мәжіліс жасанды интеллект туралы заң қабылды

Мәжіліс депутаттары сенаторлар ұсынған жасанды интеллект (ЖИ) туралы заң жобасына және оған қатысты заңдарға енгізілген түзетулерге келісімін берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Естеріңізде болса, бір апта бұрын Сенат жасанды интеллект туралы заң жобасын қайта қарау үшін Мәжіліске кері қайтарған болатын.
Сенаторлар басты екі маңызды өзгеріс ұсынған:

Біріншіден, жасанды интеллект жүйесін пайдалану кезінде келтірілуі мүмкін зиян үшін міндетті сақтандыру жүйесін енгізу. Бұған дейін сақтандыру тек ерікті сипатта болуы тиіс еді.

Екіншіден, бұрынғы нұсқада заң тек тәуекел анықталған жағдайда зиянды азайту шараларын қарастырса, енді жаңа түзетулер бойынша ЖИ иелері зиянның алдын алуға және ықтимал қауіптерді жоюға міндеттеледі.

Мәжіліс түзетулерді мақұлдады

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті сенаторлар енгізген толықтырулармен келісу жөнінде шешім қабылдады.

Депутаттар түзетулерді бірауыздан қолдап, заңды қабылдады. Енді құжат президенттің қол қоюына жіберіледі.

Анықтама ретінде

Қазақстанда заң шығару процесі екі палата арқылы жүреді: Мәжіліс заң жобасын қабылдағаннан кейін ол Сенатқа жіберіледі. Сенат өз кезегінде құжатты толық мақұлдап, президентке жолдай алады немесе кейбір нормалармен келіспей, оны Мәжіліске қайта қарауға жібереді.
Дәл осындай жағдай жасанды интеллект туралы заң жобасымен де болған еді.