Мәжіліс депутаты Талдықорғандағы стадионды қайта жаңарту жұмыстарымен танысты

12 Тамыз, 21:08 489

Мәжіліс депутаттарының аймақтардағы жұмысы жалғасуда. Бүгін «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбек Талдықорғандағы орталық стадионды реконструкциялау жұмыстары барысымен танысып, облыстың спорт қоғамдастығымен кездесті, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Талдықорған Орталық стадионы қайта жаңартылғаннан кейін 1500 көрерменді қабылдай алады. Бұл бұрынғыдан 500 орынға артық. Жаңартылған алаңда «Жетісу» футбол клубының 400-ден астам тәрбиеленушісі жаттығуларын жалғастыра алады. Ал алғашқы футбол матчы 18 тамызда өтпек.

Жұртшылық әрқашан спортқа ерекше көңіл бөледі. Оған әсіресе жақында өткен Олимпиада ойындары да сеп болды. Болашақта елімізді үлкен спортта жарқын жеңістер күтіп тұрғанына сенімдімін. Мемлекет пен «AMANAT» партиясы барлық қала мен ауылда дене шынықтыру және спортпен шұғылдану үшін жағдай жасауға күш салуда. Қазір «Жетісу» футбол клубында жаттығып жүрген балалардың ішінен болашақта әлемдік деңгейдегі жұлдыздар өсіп шығуы әбден мүмкін, – деді Болат Керімбек.

Спортшылармен кездесуде депутат партияның кәсіби және бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау жөніндегі басымдықтары туралы айтты.

Айта кетейік, Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінде дене шынықтыру және спорт мәселелері туралы заң жобасы қаралуда. Егер қазір Қазақстанда 180 спорт түрі дамыған болса, енді Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Параазиялық ойындар бағдарламасына енгізілген спорт түрлеріне басымдық беріледі. Сонымен қатар заң жобасы спорт резервін дайындауды жетілдіруге бағытталған, ол үшін ұлттық спорттық даярлық стандарттары әзірленіп бекітіледі.

Мемлекет пен партия өңірлерде бұқаралық спортты дамытуға ерекше назар аударып келеді. Мәселен, былтыр «AMANAT» партиясының Жетісу облысы бойынша сайлауалды бағдарламасы аясында Басши және Шанханай ауылдарында күрес залдары, Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылындағы орталық стадион, Алакөл ауданының Бескөл ауылында, Панфилов ауданының Пенжім және Үлкен Шыған ауылдарында, Қаратал ауданының Кәлпе және Ескелді ауданының Көкжазық ауылдарында спорт кешендері пайдалануға берілді. Ал Сарқан қаласында жабық футбол манежі салынып, орталық стадион жаңартылды.

Зарина Арман
Бөлісу: