04.02.2026
17:10
732
Мәжіліс депутаты контрафакт тауарлардың елге жаппай кіріп жатқанын мәлімдеді

Мәжіліс депутаты контрафакт тауарлардың елге жаппай кіріп жатқанын мәлімдеді

Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Қазақстан нарығында жалған әрі заңсыз әкелінген тауарлар көлемі күрт өсіп отырғанын айтып, бұл жағдай азаматтардың денсаулығы мен ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіретінін мәлімдеді.

Депутаттың айтуынша, ел аумағында Colgate тіс пастасының қолдан жасалған нұсқалары анықталған. Сыртқы келбеті түпнұсқаға ұқсас болғанымен, қаптамасы мен таңбалауында ресми талаптарға сай келмейтін айырмашылықтар бар. 

Сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларындағы базарлардан Bonduelle брендімен сатылған контрафакт консервілер табылған. Бұдан бөлек, құрылыс материалдары, алкоголь өнімдері және құрғақ ашытқылар арасында да жалған тауарлар жиі кездесетіні айтылды.

Жайымбетовтің сөзінше, мұндай өнімдер құжатсыз, міндетті таңбалаусыз және санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз сатылып жатыр. Бұл халық денсаулығына тікелей қауіп төндіреді.
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі дерегінше, 2025 жылы тәркіленген контрафакт өнімдерінің көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 10 есе артқан. Алайда депутат бұл көрсеткіш көлеңкелі айналымның нақты ауқымын толық көрсетпейтінін атап өтті.

2026 жылғы 4 ақпанда Мәжілісте депутаттық сауал жолдаған Жайымбетов контрафакт мәселесі тек экономикалық шығынмен шектелмей, мемлекеттік шекара қауіпсіздігіне де әсер етіп отырғанын айтты. ҚР ҰҚК Шекара қызметі мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері шекара маңында 3 026 құқықбұзушылық тіркелген. Контрафакт тауарлардың басым бөлігі Ресей мен Қытай шекарасы арқылы, соның ішінде «Қорғас» бағытымен «сұр» схемалар арқылы кіргізіледі.

Осыған байланысты депутат вице-премьер – ұлттық экономика министріне бірқатар ұсыныс жолдады. Атап айтқанда:

•    соңғы бес жылды қамтитын заңсыз тауар айналымына қатысты кешенді зерттеу жүргізу;
•    тауардың түпнұсқалығын тексеруге арналған мемлекеттік цифрлық платформа мен мобильді қосымша әзірлеу;
•    кейбір тауар түрлерін тек ресми дистрибьюторлар арқылы сатуға шектеу қою;
•    контрафакт өнімді өндіру, әкелу және сатқаны үшін жауапкершілікті едәуір күшейту.

Депутаттың пікірінше, контрафакт тауарлардың көбеюі бюджет кірісінің азаюына, адал бәсекенің бұзылуына және мемлекеттік бақылау тетіктеріне деген сенімнің төмендеуіне алып келіп отыр.