Мәжіліс депутаттығына үміткерлер өңірлердегі халықпен кездесу өткізді

22 Ақпан 2023, 20:48 3848

«Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Шығыс Қазақстан облысында орналасқан «Май» АҚ еңбек ұжымымен кездесті. Шараға Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатқа партия атынан кандидаттар да қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Май» АҚ еліміздегі ең алғашқы және Орта Азия аумағындағы күнбағыс майын өндіретін ірі зауыттардың бірі.  Зауыт соңғы жылдары жабдықтарына терең жаңғырту жүргізді.  Соның арқасында зауыт тұтынушыға «П» - Премиум маркалы тазартылған, иіссіздендіріліп мұздатылған күнбағыс майын ұсынуға қол жеткізді. Зауыттың жұмыс үдерісі толығымен автоматтандырылған, күнбағыс тұқымдары қол еңбегінің араласуынсыз күнбағыс майына айналады.      

 «Біз Мәжілісте аграрийлер мен отандық азық-түлік өндірушілерін сөзсіз мемлекеттік қолдауға берік кепілдіктер беретін «Азық-түлік қауіпсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылдаймыз. Отандық  бизнесті импорт қысымынан қорғау үшін жаңа кедендік-тарифтік саясатты қолданысқа енгіземіз. Квазимемлекеттік сектор арқылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу және кепілдендірілген сатып алу жүйесін құруға қол жеткіземіз», - деді «Ауыл» партиясынан Мәжіліс депутаттығына кандидат Қайрат Айтуғанов.

Сайлауалды үгіт-насихат туры аясында Respublica көбасшылары мен кандидаттары Қонаев қаласына барды. Мұнда халықпен ауқымды кездесу өтіп, партия өкілдері «Respublica қарапайым азаматтардың өмірін жақсарту үшін қандай өзгерістер енгізуді көздеп отыр?» деген тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Шараға Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау, Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Динара Шүкіжанова, Руслан Берденов, Бейбіт Әлібеков, Қырмызы Жандосова, Динара Наумова, Екатерина Смолякова, Олжас Болатбеков және Бақытбек Хамит қатысты. Бұл сапарға белгілі музыкант, «Orda» тобының әншісі Дастан Оразбеков те қосылды.

Жиналғандар алдында Respublica партиясының тең төрағасы, Мәжіліс депутаттығына кандидат Руслан Берденов сөз сөйледі.

«Біз –кәсіпкерлерміз, бизнестен келген істің адамдарымыз. Өздеріңіз секілді қарапайым халық арасынан шыққан жандармыз. Бизнеске алғаш келген кезде мемлекет тарапынан қиындықтар мен кедергілерге тап болдық. Біз жағдайды өзгертуді көздеп отырмыз. Біздің мақсатымыз – елді дамытып, халықтың әлеуетін жақсарту. Бізден ертеңгі күні халық үшін, жастар үшін қандай жақсылық істедіңдер деп ұрпақ сұрайды. Сондықтан, кейін ұрпақ алдында бетіміз қызармас үшін, қазір қолдан келгеннің бәрін жасау керек», - деді Берденов.

«Байтақ» жасылдар партиясының өңірлік штабтары да үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр.  Бүгін 2023 жылғы 22 ақпанында "Байтақ" жасылдар партиясының Атырау өңірлік штабының үйлестірушісі Амандық Қанатбайұлы және Мәжіліс кандидаты Көшенов Марал Атырау қаласындағы  қалдықтарды жинау, тасымалдау және өңдеумен айналысатын кәсіпорын «West DALA» ЖШС ұжымымен кездесті.  

Жүздесу аясында серіктестік қызметкерлеріне алдағы науқанның маңыздылығы мен партияның сайлауалды бағдарламасы кеңінен түсіндірілді. Аймақтағы өткір мәселелер көтеріліп, шешу жолдары пысықталды. Атырау облысы елімізде экология жағынан қолайсыз өңірлердің бірі. Көлік санының артуына байланысты ауаның ластану деңгейі де жоғары. Өңірде құрғақшылық мәселесі де жылдан жылға күрделеніп келеді.  

ЖСДП-дан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына партия тізімі бойынша кандидат Мақсұт Насибулов пен бір мандаттық округ бойынша кандидат Валерий Смоквин Ақмола облысы сайлаушыларымен үгіт-насихат кездесуін өткізді.

Іс-шара барысында денсаулық сақтау жүйесіндегі мәселелер талқыланды.

ЖСДП өкілдері азаматтарға медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, МӘМС жүйесін қайта қарау, азаматтарға тегін негізде көрсетілетін медициналық қызметтер тізбесін кеңейту мәселелерін көтерді.

«AMANAT» партиясының Республикалық сайлауалды штабының мүшелері өңірлерде сайлаушылармен кездесуді  жалғастырып жатыр. Бүгін партиялықтар Қарағанды облысына келді.
 
Теміртауда экологтармен, қала белсенділерімен және өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдерімен кездесу барысында партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында көрсетілген экологиялық ахуалды жақсарту шаралары талқыланды.

«Экология – азаматтардың өмір сүру сапасына әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Сондықтан біздің сайлауалды бағдарламамыздың бүтіндей бір бөлімі қоршаған ортаны қорғауға арналып отыр. Біз өндіруші және энергетикалық компаниялардың заңнама аясында жұмыс істеуін қадағалаймыз. Заң талаптарын айналып өткісі келетіндерге мүмкіндік берілмейді», - деді «AMANAT» төрағасы Ерлан Қошанов.
 
Сондай-ақ, құжатта ластану деңгейі жоғары елді мекендердегі кәсіпорындардан шығатын қалдықтардың нормативін 40%-ға дейін төмендету көзделген. Су балансын сақтау үшін 14 жаңа су қоймасын салу және жұмыс істеп тұрған 16 су қоймасын қайта жаңарту жоспарланып отыр.

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтің Қарағанды облысының сайлаушыларымен кездесуі жалғасып жатыр.

ҚХП төрағасы «ЖИТС-орталық» медициналық мекемесінің ұжымымен кездесті. Жиында МӘМС және медицина қызметкерлеріне мәртебе беру мәселесі талқыланды.

  –  Адам жанының арашасы болып жүрген жандарға қоғам тарапынан ерекше құрмет көрсетілуі тиіс, –  деп атап өтті Ермұхамет Ертісбаев.

Саран қаласында Ермұхамет Ертісбаев Саран шахтасының жұмысшыларымен және «QazTehna» ЖШС қызметкерлерімен кездесті. Мұнда қолданыстағы Еңбек Кодексінің кемшін тұстары мен жалдамалы жұмысшылардың құқығын қорғау мәселесі әңгімеге арқау болды.

Ермұхамет Ертісбаев партияның сайлауалды бағдарламасында тәуелсіз кәсіподақ әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге ықпал ететіні атап көрсетілгенін мәлімдеді.

22 ақпанда Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков Жетісу жұртшылығымен жүздесті, облыстық кітапхана ұжымымен кездесті. Қазақстан Халық партиясы социал-демократиялық бағыттағы саяси күш ретінде еңбек адамының құқықтарын қорғайды және ел азаматтарының басым көпшілігінің мүддесін білдіреді. Кездесу барысында сайлаушылар көкейінде жүрген сан сауалдарын қойды. Әсіресе, жайылымдық жер тапшылығы мен шалғай ауылдардағы инфрақұрылым мәселесін сөз етті.

– Жекеменшікке берілген жер аграрлық секторды жетекші салаға айналдыра алмады, қарапайым халық жайылымнан айырылып, жұмыссыздықтың салдарынан ауылдарды тастап кете бастады. Мұның бәрін жақсы біледі Халық партиясы және мәселені шешуде нақты ұсыныс енгізіп отыр өзінің Сайлауалды бағдарламасында. Қазақстан азаматтарына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді 5-тен 500 гектарға дейінгі аумақта 7 жылға пайдалану құқығын тегін беру керек. Бірақ бұл заңды тұлғаларға жүрмейді және мұндай құқық қазақ жерінде «таң атып, күн батқанға дейін» адал еңбек еткен азаматтарға ғана берілуі тиіс.

Сайлаушылар бұл ұсынысты қолдап, қошемет көрсетті. Сондай-ақ, ауылдардан әрбір отандасқа 25 сотық жер телімін беруді ұсынатынын да айтты.

EL.KZ
Бөлісу: