Мәжіліс депутаттары су тасқыны болған аймақтардағы жағдаймен танысты

31 Наурыз, 09:13 765

Мәжіліс депутаттары су тасқынынан зардап шеккен Ақмола, Ақтөбе, Ұлытау, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында жүр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттар халықпен кездесіп, қажетті көмек көрсетуді қадағалауда. Еріктілердің жұмысын үйлестіріп, қажет болған жағдайда гуманитарлық көмектің жеткізілуін қамтамасыз етуде. Мәжіліс депутаттары Айна Мүсірәлімова мен Юлия Кучинская Ақмола облысындағы Қоянды кенті мен Көкшетау қаласында болып, су тасқыны жағдайымен танысты, жедел штабтарды аралап, өңір тұрғындарымен кездесті.

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Әрине, қазір басты міндет – адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Азаматтардың материалдық шығынын мүмкіндігінше азайту. Ол үшін Төтенше жағдай, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктері мен әкімдіктердің күштері жұмылдырылып, елді мекендердің тұрғындарынан құралған еріктілер жұмыс істеп жатыр. Жедел штабтар, ақпарат алмасу үшін және қажеттіліктер туралы өтініштер жіберу үшін арнайы чаттар құрылды, – деді Юлия Кучинская.

Жұма күні Мәжіліс депутаттары Мақсат Толықбай, Қазыбек Әлішев пен Асқар Садықов Ақтөбе облысына барды. Олар Қобда ауданының тұрғындарымен кездесті. Мақсат Толықбай ауылды су басу жыл сайын қайталанатынын атап өтті.

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Өткен жылы да ауылды су басқан. Ол кезде біз осында келген едік, мемлекеттің көмегімен зардап шеккендерге арналған бірнеше үйді қалпына келтірдік. Бірақ тиісті қорытынды жасалған жоқ. Биыл сол үйлердің шатыры ғана көрінеді. Барлығы су астында қалды, – деді Мақсат Толықбай.

Сонымен қатар депутаттар Ақтөбе қаласындағы жағдайымен де танысты. Сенбі күні Мәжіліс депутаттары Аманжол Әлтай мен Ерболат Сатыбалдин Ұлытау облысының Жезді ауылына барды. Мәжілісмендер су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, жергілікті жердегі ахуалмен танысты, сондай-ақ зардап шеккен үйлерді аралады. Үйлердің көбі қалпына келтіруге келмейді.

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Су астына кеткен үйлер мен аулаларды араладық. Залалдың орнын толтыру және салдарын жою үшін қажетті қаражат бөлінеді. Жарамсыз болып қалғандардың орнына жаңа үйлер салу мәселесін қарастырамыз, – деді Аманжол Әлтай.

Сенбі күні Мәжіліс депутаттары Нартай Сәрсенғалиев пен Сергей Пономарев Батыс Қазақстан облысында болып, су тасқынынан зардап шеккен Теректі ауданы Аңқаты ауылының тұрғындарымен кездесті.

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Біз аудандық әкімдікпен бірлесіп жұмыс істейміз. Комиссия мүшелері үйлердің бәрін су басқаннан кейін емес, қазіргі жағдайын бағалайды. Ахуал толығымен тұрақтанғанша біз ауыл тұрғындарының қасында болып, жағдайды бақылауда ұстаймыз, – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл Арқалық қаласының тұрғындарымен кездесті. Мәжілісмен су тасқынының салдарын жою жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын атап өтті.

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Жағдай мемлекет бақылауында, қазір ахуал тұрақтанды, бірақ үйлер су астында қалды. Салдарын жою бойынша жұмыс жалғасуда. Барлық залал өтелетін болады, – деді депутат.

Сондай-ақ Еркін Әбіл Қостанай облысының Амангелді және Жангелдин аудандарында болып, жергілікті тұрғындармен кездесіп, зардап шеккен үйлерді аралады. Одан әрі депутаттар облыс орталықтарына баруды жоспарлап отыр.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: