Мәжіліс депутаттары қостанайлықтармен кездесті

14 Қаңтар, 22:48 701

Депутаттар бірінші кезекте Рудный қаласындағы жылыжайдың жұмысымен танысты. Дәл сол күні кәсіпорын қызметкерлері биылғы маусымдағы қиярдың алғашқы өнімін жинады. Шаруашылық өнімдерін жергілікті тұрғындарға өткізеді. Дегенмен оның көлемі жеткіліксіз, сұраныс әлдеқайда жоғары, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Кәсіпорын басшысы Наталья Гергельдің айтуынша, ұйым мемлекеттен субсидия алмайды, жеңілдетілген қаржыландыруға да ілікпеген. Оған себеп - инвестициялық субсидия алу үшін қажет мемлекеттік сараптама. Кеңес үкіметі кезеңінен келе жатқан ұйым аталған қорытындыны ала алмайды.

Қала әкімі Виктор Ионенконың айтуынша, жылыжайға қажет техниканы сатып алу үшін инвестициялық субсидия қажет. Ол жергілікті сұранысты қанағаттандыруға әрі бәсекелестік тудыруға мүмкіндік береді.

- Жалпы, еліміздің солтүстігінде жылыжай ашу тиімсіз, көбіне оңтүстік өңірдегі жобаларға инвестиция салуымыз керек деген пікір бар. Бірақ бұл өнеркәсіптік жылыжайларға қатысты деп ойлаймын. Осыған ұқсас солтүстік өңірлердегі бірнеше жоба қаланың қажеттілігін жартылай қанағаттандыра алар еді, - деді Айдарбек Қожаназаров.

Сондай-ақ мәжілісмендер тарихы ХХ ғасырдың 50 жылдарынан бастау алатын Рудненский су арнасының жұмысымен танысты. Ұйым 60 жылдан астам уақыт бойы Рудный қаласы мен Қашар ауылын ауыз сумен қамтамасыз етіп келеді.

- Су – адам өмірі үшін өте маңызды. Су мәселесін шешпесек, халық денсаулығынан айырылады. Өңірде осы сала бойынша бірқатар мәселелер бар: Қаратомар су қоймасындағы судың сапасы мен көлемі, сүзу станциясының тозуы, жалақының төмен деңгейі, салалық мамандардың тапшылығы, шығындарды өтемейтін төмен тарифтер. Біз реконструкциялаудың кезеңдерін анықтадық, бірқатар жобаларды қаржыландыру мәселелері шешілді, жұмыс жүріп жатыр, – деді «Рудненский Водоканал» ЖШС директоры Ғабит Жұбикенов.

- Бұл стратегиялық нысан, сондықтан оның мәселелері бірінші кезекте шешілуі тиіс. Көшені жөндеу немесе әлеуметтік мекеме салуды кейінге қалдыруға болады, бірақ су арнасын реконструкциялау қажет. Бұл ұйым - 130 мыңнан астам халықты ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған ірі кәсіпорындардың бірі. Біз су шаруашылығы саласындағы мәселелерді шешуге атсалысуға дайынбыз, – деді депутат Айдарбек Қожаназаров.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: