Мажарстанда Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аталып өтті

12 Тамыз 2022, 07:33 1070

Қазақ, ағылшын және чех тілінде жарық көрген «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» жинағына Ахаң туралы замандастарының, кейінгі буын өкілдері және қазіргі зерттеушілердің таңдаулы мақалалары топтастырылған.

Будапешт қаласында Халықаралық Түркі академиясы әзірлеп шығарған «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» жинағы мен Арминий Вамберидің «Путешествие по Средней Азии» атты кітабының таныстыру рәсімі өтті, деп хабарлайды EL.KZ Академия сайтына сілтеме жасап.

Бүгін Мажар ғылым академиясының ғимаратында Түркі академиясы соңғы үш жылда басып шығарған кітаптарды ұсынғаныма өте қуаныштымын. Пандемияға байланысты 2019 жылдан бастап жүзбе-жүз жолыға алмағанымызға қарамастан, біз осы уақыт ішінде Түркі академиясында мажар ғалымдары Дьюла Немет пен Арминий Вамбериге арналған ғылыми басқосулар өткізіп, мажар әріптестерімізбен ынтымақтастық аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырдық, - деп атап өтті Академия басшысы Дархан Қыдырәлі.

Түркі академиясы Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігімен бірлесіп өткізген іс-шара көрнекті ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл және көрнекті мажар түркологі Арминий Вамберидің туғанына 190 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.

Қазақ, ағылшын және чех тілінде жарық көрген «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» жинағына Ахаң туралы замандастарының, кейінгі буын өкілдері және қазіргі зерттеушілердің таңдаулы мақалалары топтастырылған. Ал, «Түркістан» сериясы аясында жарық көрген «Путешествие по Средней Азии» еңбегінде әйгілі саяхатшы Арминий Вамбери Түркістан халықтарының тарихы мен мәдениеті, этнографиясы мен географиясы туралы мол мәлімет қамтыған. Бұл кітап алғаш 1865 жылы Санкт-Петербургте орыс тілінде жарық көріп, кейін Түркістан генерал-губернаторы К.П. Кауфманның бастамасымен әзірленген «Түркістан жинағының» 12-томына енген. Түркі академиясы түркологтың аталмыш еңбегін түпнұсқасына сәйкес қайта жариялады.

Алқалы жиынға ТҮРКСОЙ-дың бұрынғы Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркі мемлекеттері ұйымының Мажарстандағы өкілдігінің атқарушы директоры Янош Ховари, Мажарстан Ғылым академиясының мүшесі Иштван Вашари, белгілі қырғыз түркологі Кадырали Конкобаев, Тарих институтының директоры Антал Молнар, Гуманитарлық зерттеулер орталығының бас директоры Балог Балаш, Сегед университетінің профессоры Мария Иванич, қыпшақтанушы ғалым Иштван Қоңыр Мандокидің жұбайы Оңайша Мандоки, сонымен қатар белгілі түрколог-ғалымдар, дипломатиялық миссия өкілдері қатысты.

Жиын аясында тамырлас елдердің ынтымақтастығын арттыруға қосқан үлесі және ғылымның дамуына сіңірген еңбегі үшін бірқатар мажар ғалымдары – Янош Ховари, Иштван Вашари, Мария Иванич Халықаралық Түркі академиясының Алтын медалімен марапатталды.

Сонымен қатар, Түркі академиясы соңғы жылдары Мажарстан бағытында жарыққа шығарған бірқатар еңбектер, атап айтқанда ғұн әміршісі Аттила туралы ағылшын тілінде жазылған «The Lord of Europe Attila» (Еуропа әміршісі Атилла) атты кітаптың, Мандоки Қоңыр Иштванның «Үзілмес тамырлар», қазақ-мажар тілінде құрастырылған «Жамбыл жырлары – Dzsambul muvei», Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығына орай жарық көрген «Bilge Tonyquq» жинақтары мажар оқырмандарының назарына ұсынылды.

Аталған кітаптарды кеңінен таныстырған Академия басшысы Д. Қыдырәлі мажар-түркі байланыстары бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Айта кету керек, 2014 жылы Түркі академиясы мен Мажарстан Ғылым академиясы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған. Ал, 2018 жылы Мажарстан Түркі академиясына бақылаушы мемлекет мәртебесіне ие болды.

EL.KZ
Бөлісу: