Мажар халқы туралы не білеміз?

29 Қазан 2020, 12:30 9481

Қазақстан көпұлтты мемлекет

Мажарлар фин-угор тіл семьясының тобына жататын еуропалық халық. Лингвистикалық тұрғыға сәйкес мажарлардың ата-бабалары - Оралдың шығысындағы дала аймақтарынан шыққан, жауынгер жартылай көшпелі малшылар болып саналады. el.kz порталыжоғарыда аталған халықтың тарихы, дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігі және этномәдени орталықтары жайлы тереңірек мәлімет беретін болады.


Этномәдени орталықтар

Мажар мәдени орталығы 1995 жылы Алматы қаласында құрылған. Төрағасы Папп Александр Адальбертович. Мақсаты – Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасындағы мәдениет, ғылым, экономика, өнер және білім салаларындағы халықаралық ынтымақтастық пен достықты дамыту. Мәдени орталық қызметінің негізгі бағыттары: Қазақстан халқының көпэтникалық мәдениетін жан-жақты өзара байытуға ықпалдасу, мажар халқының этникалық мәдениеті мен тілін, халық дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, дамыту, Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасындағы мәдени, ғылыми және өзге де байланыстарды дамыту, мәдениет, экономика, ғылым және өнер салалары бойынша фестивальдарға, ұлттық мерекелерге, көрмелерге, симпозиумдарға, конференцияларға қатысу және өткізу және аудандық, қалалық және республикалық деңгейлерде Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына қатысу.


Мажар мәдени орталығы Мажарстан елшілігі жанынан мажар тілінің сыныбын ашып, мажар жастарын оқу материалымен қамтамасыз етті. Халықтың тарихымен, мәдениетімен, дәстүрлерімен танысу үшін Орталықта 200 бейнекассетаның кең бейне қоры бар. «Қазақстан Республикасындағы мажарлар» бағдарламасында Папп А.А. республикалық радио мен теледидардан жиі шығады. Мажар мәдени орталығы басқа да этномәдени бірлестіктермен бірлесе отырып, этносаралық келісімді нығайту мақсатында іс-шаралар ұйымдастырып өткізеді. Қоғамдық жұмысты орындай отырып, этномәдени бірлестіктер мемлекеттіліктің дамуы мен қалыптасуына, қоғам мен мемлекеттің мүдделеріне лайықты қызмет етуге, біздің ортақ Отанымыз - Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне және этносаралық келісімді сақтауға ықпал етеді. Мажар мәдени орталығының және төрағасының қолдауымен 2000 жылғы 31 мамырда Қарағанды облысының Спасск лагерінде Қазақстанда қаза тапқан мажар әскери тұтқындарына ескерткіш ашылды. Білім беру мәселелеріне, атап айтқанда, қазақстандықтарды Мажарстан оқу орындарында оқытуға көп көңіл бөлінеді. Мәдени орталық желісі бойынша Мажарстанның жоғары оқу орындарына барлығы 9 адам жіберілді. Соның ішінде қазақ саны мажарлықпен  қатар қазақ әдебиетін, тілін, салт-дәстүрлерін насихаттауға көп көңіл бөлінеді. Мажарлық ғалымдар тобына, студент-этнографтарға ЮНЕСКО желісі бойынша Тибет пен Гималайға сапар кезінде көмек көрсетілді. Павлодар қаласында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай 2015 жылы Мажардың жаңа этномәдени орталығы таныстырылды.

Мажар халқының тарихы

Антрополог Дамир Кирамидің нұсқасында Мажарстанның қазіргі Татарстан мен Башқұрт халықтарының арасында туыстық қатынастарының болуы туралы мағлұмат бар. Прото-венгрлердің праугорлық қауымдастықтан бөлінуі, әдетте, б.э.д. VII-VI ғасырлардан бастап б.э. ІІІ-V ғасырларға дейін Орал және Батыс Сібірдің орманды дала аймағында болған Сарғат археологиялық мәдениетінің пайда болуымен байланысты. Тіл жағынан ең жақыны сол кезде тайгада өмір сүрген ханты мен манси халықтары еді. Кейіннен мажарлар далалық аймақтарға көшіп, негізінен көшпелі өмір салтын жүргізді. Шамамен 1 мыңжылдықта мажарлар сол кезеңнің Караякупов және Кушнарёв мәдениеттерінің ескерткіштері табылған төменгі Кама бассейніне қоныс аударды. Кейінірек олар Қара теңіз бен Азов далаларына көшіп, хазарлар мен бұлғарлардың қол астына өтті.



Ежелгі мажар тайпаларының одағы шын мәнінде жеті мажар тайпасынан және хазарлардың үш этникалық одақтасы - «Каварлардан» тұрады. Бұл күрделі этникалық тарих, өзге халықтардың араласуы әртүрлі этнографиялық және субэтникалық топтарға, атап айтқанда, палоцилар, медьелер, шаркезилар, чанго, кунылар, ясылар, гайдукилар (хайду), секеилер, мадьярабтарға бөлінуге әкелді.
Палоци және медье топтары былғары мен матада кесте тігу өнерімен әйгілі. Будапешт батысындағы мажарлардың аркаркез тобы - сәндік өнер мен киім тігумен танымал. Хетс және Гочей аймағындағы халықтар тобының дәстүрлері көрші словендерге жақын. Раба мен Дунай арасында XIII ғасырда моңғол-татар шапқыншылығы кезінде осында қуылған қыпшақ түріктерінің ұрпақтары - құмандар (кундер) өмір сүрді.


«Унгралар» туралы алғашқы деректер Г.Амартолдың жылнамасында, «унграның» 836-838 жылдардағы болгар-византиялық қақтығысқа қатысуы туралы баяндалады. Арпад пен Курсанның басшылығымен олар 896 жылы Трансильванияға қоныстанып, Паннонияны басып алады, кейінгі иеленген жері қазіргі Австрияның шығысы мен Оңтүстік Словения жерлері болып табылады.
Мажарлар X-XI ғасырларда жергілікті халықтармен, славяндармен, аварлармен араласып, олардың әдет-ғұрпын, мәдениетін, тілін қабылдап, отырықшылыққа көшеді. Біртіндеп мемлекет пен ұлт болып қалыптасты. Мажарстанды XVII ғасырда Габсбург монархиясы басып алғанымен ол өзін-өзі басқару құқығын сақтап қалды. Бұл ұлттық бірегейлікті, мәдениетті, тілді сақтауға ықпал етті. Австрия-Венгрия мемлекеті болып 1867 жылы құрылған Мажарстан едәуір саяси және ұлттық еркіндікке ие болды.
Австрия-Венгрия құлағаннан кейін, Мажарстан оқшауланып, Екінші дүниежүзілік соғыстан соң, 1989 жылға дейін социалистік Халық Республикасы болды. Батыс елдерімен жаңа саяси бағыт пен интеграция тек 1980 жылдардың соңында басталды.
Мажарлардың едәуір бөлігі Румынияның тарихи аймағындағы Трансильванияда, Сербияның солтүстік бөлігі - Воеводинада, Словакия, Ресей, Германия, Австрия, Канадада және тағы басқа елдерде тұрады. Мажарстаннан тыс мажарлардың көпшілігі 1,5 миллион адамы Америка Құрама Штаттарында тұрады. 2001 жылғы санаққа сәйкес, Мажарстанның өзінде 9,5 миллионға жуық мажар өмір сүріп, бұл ел халқының 93% құрады. Ал 2012 жылы - 9,78 млн адам болды. Халық санағының 2017 жылғы мәліметі бойынша адам саны – 9 797.561, жер аумағы - 93 030 км² . Халық санының 92% - мажарлар, қалған сыған (2%), неміс (1%), еврей (1%), румын (0,8%), словак (0,4%), серб (0,2%), хорват (0,2%) және украин (0,1%) этникалық топтарын құрайды.


Қазақстан территориясында қазіргі мажарлар ата-бабаларының пайда болу тарихы өте күрделі және ұзақ әрі мұқият зерттеуді қажет етеді. Мысалы, А.Биро, Б.Михали, А.М.Тюриннің көзқарастары бойынша, мажар қазақ руы мадиярларға туыс, алайда қазіргі ғалымдардың генетикалық зерттеулері осы айғақтарға күмән келтіреді. Бела королінің хунгарлар іс-әрекеті туралы ХІІІ ғасырдағы «Мажарлардың қимылы» қолжазбасының жалғыз нұсқасы Венада табылып, магистр П.Нотарияның басылып шыққан еңбегінде «Мажар халқы шығыста, оңтүстік Оралда қалыптасты, бұл қазіргі Қазақстанның солтүстік-батыс бөлігі болуы мүмкін деген мәліметтер бар». Бұл нұсқаны жолдың сипаттамасы дәлелдей түседі: бірнеше күн бойы шөлді жерлер арқылы батысқа жүрді. Содан кейін ғана Этил өзеніне (Еділге) жетті. Көпмыңдық керуенді ханзада Алмуш немесе басқа мәліметтер бойынша оның ұлы Арпад басқарды. Көшпенділер қазіргі Ресей аумағымен Киевке жетті және ортағасырлық Аноним жылнамасында, олар қаланы басып алып, Киев халқы алым-салық төлеуге міндет алғаны айтылады. Алайда «мажарлардың ата-бабалары қайдан шыққан?» деген сұраққа Аноним жауап бермейді. Шамамен сол кезде жазған Шимонның жазбасында да осы сұраққа жауап табылмайды. Оның шығармасында тек мажарлар мен ғұндардың туыстық қарым-қатынасы және скифтердің жерлерінен келуі туралы ғана айтылады.



Тарихшы Артем Улунян: «Өлең түрінде жазылған «Тұрандық қарғыс» деген ұғым бар». Бұл өлеңде мажарлар тұрып жатқан жерін тастап, жаңа жерге келгенде, бір жағынан олар өз Отанын жоғалтқандай көрінсе, екінші жағынан олар жаңасын тапты» деп есептейді. Көшпелілердің ежелгі тұрағы да өзінің мүмкіндіктерімен - әскери одақ құру, миссионерлік жұмыстармен қызықтырды. Сонымен қатар, моңғолдардан жаңа қауіп-қатерлер кезі болатын. Осылайша, мажар патшасы Бела IV қыпшақ даласына бірнеше монахтарды өздерінің ата-бабаларының жері - Ұлы Мажарстанды іздеуге жіберді. Тек бір монах көптеген оқиғалардан кейін, ол шамамен қазіргі Башкирия мен Батыс Қазақстан аумағындағы қасқырдың еті және бие сүтімен қоректенетін шығыс мажарлар еліне жетеді. «Юлианның мажар екенін білген соң, олар оның келгеніне қатты қуанды: оны үйлері мен ауылдарына апарып, христиан бауырларының патшасы мен патшалығы туралы қызығушылықпен сұрады. Оның тілі таза мажар тілі болғандықтан бір-бірін жақсы түсінді. Сонымен қатар ол оларға сенім және де басқасын айтып бергісі келген әңгімелерінің барлығын бәрі бар назарларымен тыңдаған». «XIII-XIV ғасырлардағы татарлар мен Шығыс Еуропа туралы мажар миссионерлерінің хабаршысы» атты жазбалардың авторы ХІІІ ғасырда шығыс мажарлар деп аталатындар қыпшақтар түркітілдес халық деп санайды. Осылайша, мажарлардың ата-бабалары ұзақ уақыт бойы қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрді деп айта аламыз.

Будапешт базарында «алма» деп сұрасаң, әрбір сатушы «алма» береді. Тіпті «кичи» сөзін қосып айтсаң «кішкентай алма» береді. «Керек», «Балта» және тағы басқа сөздері қазақ тілімен ұқсас. Қазақша «ана» сөзін мажар тілінде «аня» десе, «ата» сөзін мажарша «атя» деп атайды. ХІХ ғасырда атақты мажар түркітанушысы Арменус Вамбери сақтардың, скифтердің, мадиярлардың түркі тектес екені туралы өзінің теориясын дәлелдеуге ұмтылды және мажарлардың Каспий аймағынан шыққанына сенімді болды.


Этнограф Айша Мандоки: «А. Вамбериден кейін Тот Тибор атты ғалым мажарлардың антропологиясын зерттеді. Кеңес үкіметі кезінде ол Торғай облысында болды. Мажарларды зерттегенімен, бәрібір Тот Тибор жергілікті қазақтар мен мажарлардың туыстық қатынастарына назар аударды». Оның үстіне, мажарларда ежелден келе жатқан Мадияр және Алдияр деген ағайынды жігіттердің аңға шыққандығы туралы аңызы Торғай қазақтарының арасындағы аңыз-әңгімелерімен ұқсас. Ғылыми зертханалардың бірінде мадияр руының ДНҚ-сын зерттеуде Торғай мен Мажар тобындағы мадиярлар генотиптерінің ұқсастығын анықтады.
Будапешттің ұлттық музейіндегі скиф дәуірінің ең алғашқы экспонаттары б.д.д. VIII ғасырға жатады. Содан кейін б.э. ІV ғасырда Дунай жағалауында ғұндар пайда бола бастады. V ғасырдың ортасында Еуропаны Аттиланың мыңдаған атты әскері дүр сілкіндірді. Орта ғасырларда Мажарстанды Ғұндар патшалығы деп атады. Тарихи сахнада Арпадтың ұрпағы - Вайк пайда болғанға дейін әскери тудың негізінде Отанға иелік ету, көрші мемлекеттерге жасалған шапқыншылықтар, жаулаушылық сынды шежірелердегі мәліметтер онша көп емес. Вайк есімі түркі тілінен батыр, көсем ретінде аударылған.
Мажарстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Имре Ласлоцски ата-бабаларының Батыс Қазақстан аумағында өмір сүрген мадиярлар Торғайда тұрған деп есептейді. Бұған 10-12 жыл бұрын жүргізілген генетикалық сараптама дәлел екенін алға тартады. Әзірше оның нәтижелерін ешкім жоққа шығарған жоқ. ХІІІ ғасырда, 1236 жылы, жазба деректер бойынша Котянның 40 мыңдық әскері келгенін жазба деректер жеткізеді. Тіпті Батыйдың біздің патшаға: «Қызметшілерімді қайтарып бер» деген жазған хаты бар. Әрине, сол қыпшақтардың бір бөлігі Қазақстанға оралды. Алайда, өздерін қыпшақтардың тікелей ұрпағы санайтын Мажарстанда әлі де 200 мың адам өмір сүреді. Мажарлар - Еуропадағы көшпенділермен тамыры бір жалғыз халық екенімен мақтанады.

Тұрмыс ерекшеліктері

Мажарлардың ең ежелгі кәсібі - жартылай жайылымдық мал өсіру. ХІХ ғасырдан бастап бұл дәстүрлі жүйе ығыстырылып, оның орнына ауыр соқа қолданылатын үш қатарлы егістік жүйе енгізілді. Таулы және орманды жерлерде егістерді өсірудің арнайы тәсілдері сақталды. Альфельд провинциясында жайылымдық мал шаруашылығы, оңтүстікте жылқы мен шошқа шаруашылығы тараған.
Егін шаруашылығында негізгі дақыл - бидай (XVII ғасырдан бастап) болса, XVIIІ ғасырдан бастап картоп өсірілді. Мажарлар шаруашылығында жүзім және шарап жасау маңызды рөл атқарды. Әсіресе Тоқай қыратының ауданы (Тоқай шарабы) танымал, сондай-ақ бау-бақша және көкөніс өсіру шаруашылығы дамыған. Бұған қоса қосалқы ара шаруашылығы, аңшылық, балық аулау және терімшілік те бар. 


Мажар халықтық қолөнері де әртүрлі: зығыр, жүнді өңдеу; тоқу, қыш жасау, темір ұсталық қолөнері; ағаштан бұйымдар жасау, жөкеменен талдан жасалған шыбықтарын тоқу, теріні илеу, кесте тігу, шілтер тоқу маңызды болып саналады. Жиһаз жасаушылары тапсырысқа түрлі-түсті жиһаздар, оның ішінде үстелдер, кереуеттер, гүл ою-өрнегі бар сандықтар, сондай-ақ осындай көп түсті құймалар мен басқа да ыдыс жасады. Бұрын шаруалар өздерінің тұрғын үйлерін ашық түсті керамикалық бұйымдармен безендіруді жақсы көрді. Оларды қабырғаға іліп, сөрелерге қоятын. Халық өнері салаларының ішінде малшылық өнерін бөліп айтуға болады. Және оның бір түрі – сүргішпен жұмыс жасау. Айналардың ойықтарына, ұстараларға түрлі түсті сүргіштер құйылды. Суреттерде аң аулау, мал жаю немесе қарақшыларды қудалау көріністері жиі кездеседі.

Діні

Мажарстанда ең көп таралған діни бағыт – католицизм, халқының басым бөлігін католиктер құрайды. Мажарлық католиктік тұрғындардың дені латындық дәстүрді ұстанса, грекокатоликтерге тиелі үлес – 2,6 %. Екінші кең таралған дін - протестантизм (негізінен кальвинизм), протестанттар ел халқының 19,5% құрайды. Діни сенімділіктегі азшылдықты - православие (негізінен этникалық сербтер, румындар, украиндар мен русиндер), иудейлер, мұсылмандар. 

Тіл және жазуы

Мажар тілі Орал-алтай тілдері шоғырының фин-угор тармағы, угор тобына жатады және он бір диалектісі бар. Орта ғасырларда ел аумағында неміс және латын тілдері ресми болғандықтан мажар тілі көптеген неміс және латын сөздерін иемденіп алған. Сонымен қатар, ежелгі кезеңде бұлғарлармен және хазарлармен, сондай-ақ түрлі кезеңдерде словяндармен байланыстың болуынан көптеген славяндық пен түркілікті аңғаруға болады. Алғашқыда ғалымдар ұзақ уақыт бойы бұл тілдің шығу тегін анықтай алмады. Өйткені ол көрші халықтардың бірде-бір тіліне ұқсамады. Кейінірек құрылымы бойынша фин тіліне жақын екендігі байқалды. Мажар тіліне ең жақыны қазіргі заманғы манси және ханты тілдері. Бұл ұқсастық негізінен шартты түрде, тек лингвистикалық және генетикалық сипатта болды: Оңтүстік Оралда және Батыс Сібірдің оңтүстігінде пайда болған проугорлық тілдік бірлігі V-VI ғасырларда ыдыраған болатын. Қазіргі угор халықтары өкілдерінің арасындағы өзара ана тілдерінде қарым-қатынас қиыншылық жағдайда түсіністікке әкелсе де, фонетикалық, лексикалық және грамматикалық алшақтықтың нәтижесі қиыншылық тудырды.

Салт-дәстүрлері

Ауылдағы елді мекендердегі үйлердің қабырғалары балшықпен, ағашпен қапталған еді. Қазір көбінесе тас пен кірпіш қолданылуда. Қалаларын әдетте еуропалық сәулет, барлық типтік еуропалық стильдегі ескерткіштер бар.
Мажарстан - би және музыка елі. Дәл осы жерде шығыс реңіндегі және құмарлы сыған сипатын сабақтастырған қоздыратын мажар музыкасының керемет қоспасы туындады. Бұл музыканың өзіне тән әуенін Еуропаның көптеген композиторларының шығармаларынан байқауға болады. Мұндай музыкалық стиль композитор Ференц Листің «Венгр рапсодиялары» шығармасынан аңғаруға болады. Мажарлық бал билері де осындай әсерлі әуенге өте сәйкес келеді. Мажар билерін әлемдегі сүйікті билердің қатарына жатқызамыз. Мажарстанда үнемі театр, музыка, би фестивальдері және тіпті гүл карнавалдары ұйымдастырылып өткізіледі.



Мажар халқының дәстүрінде дін және әртүрлі этикалық, өнегелік мұраттар, тарихи оқиғалар көрініс табады. Мажарстанда шамамен екі мың жыл бұрын пайда болған дәстүр - бань мәдениеті. Бүкіл ел жайлы, үлкен бальнеологиялық курорт деп айта аламыз. Ежелгі уақытта римдік бань мәдениеті Мажарстанда бұрын-соңды болмаған шыңға жеткен, мұны Будапешт аумағында орналасқан ежелгі Рим қаласы - Аквинкум (Aquincum Museum) аумағындағы қазба жұмыстары растады.Адвент - рухани дайындық кезеңі, онда көптеген мәсіхшілер келуге немесе Пайғамбардың туылуына дайындық. Соңғы жылдары Мажарстанда бұл әдет-ғұрып кең таралды. Әдетте, Рождествоға 4 апта қалғанда демалыс күндерінің белгісі ретінде төрт шырағы бар гүл шоқтарын ілу бар. Үлкен мерекенің жақындап қалғанын білдіру үшін әр жексенбі гүл шоқтарында оның бір шамын жағып отырады.Варварин күні – 4 желтоқсанда аталып өтетін маңызды күндердің бірі. Мажарстандағы Қасиетті Борбала тау-кеншілердің, өрт сөндірушілердің және басқа да кәсіп мамандарының қамқоршысы болып саналады. Тау-кен өндіретін ауылдарда 40 жылдық тыйымнан кейін олар бұл күнді мерекелік түрде музыка, ойындар және қойылымдармен атап өту дәстүрі қайта жандандырылды. Задунай өлкесінің оңтүстік-батысындағы ауылдарда, таңертеңгі ертесімен балалар терезе астында Иса туралы ән айтады. Бойжеткен қыздар жеміс ағаштарының бұтақтарын суға салып қоятын. Егер олар Рождествоға қарай гүлдейтін болса, келесі жылы ұзатылуын күткен.Әулие Николайдың 6 желтоқсан күні балалар ән айтып, мажарлық Аяз Ата - Микулашты күтеді. Үлкендер кешкі уақытта терезе алдына қойылған арнайы етіктен балалар таңертең сыйлықтар табатын, көбінесе Микулаштың бейнесіне ұқсатып жасалған шоколадтар болатын. Сыйлықтарды Аяз Атаның киімінде ақ сақалды, қызыл пальто киген Микулаштың өзі де әкеледі.Рим папасы Григорий XIII өткізген 1582 жылы күнтізбе реформасына дейінгі жылдың ең қысқа 13 желтоқсан Әулие Лукерияның күні болды. Лукерия атауы латын тілінен Луц, «жарық» деген мағынаны білдіреді. Бұл күні олар ағаштың тоғыз түрін таңдап, «Луциннің тағын» дайындауға кірісетін.

Дәстүрлі тағамдар

Дәстүрлі мажар тағамдары ежелгі дәуірден бері өзгеріссіз қалды. Мажар ұлттық тағамдарына ұнтақталған қызыл бұрыш, пияз, қызанақ және жасыл болгар бұрышын көп мөлшерде қосатын тағамдар жатады. Тағамдарын әзірлеуде шошқа еті, ал көкөністерден қырыққабат көп қолданылады. Дәмді тамақтарының ішінен құс етінің паштеті мен тауық етінен әзірленген паприкашты ерекше атап өткен жөн. Мажарстанның ұлттық тағамдарын пияз, қырыққабат, картоп және қызанақ қосылған сиыр етінен жасалған сорпа және майдалап туралған тауық етін, пияз, тәтті бұрыш, қызыл бұрыш, сарымсақпен бірге қуырып, дайын тағамға қаймақ қосылатын тауық етінен әзірленген паприкашсыз елестету мүмкін емес. Келесі танымал тағамдарының бірі турош чуса - қаймақ, сүзбе және шыжық қосылған қайнатылған кеспе. Көл немесе өзен балықтарынан әзірленген балық сорпасы, фазелек деген атауға ие. Мажарстан тәтті тағамдары сан алуан, олардың ішіне көбінесе жаңғақтар, шие, алмұрт және алмаларды қосып дайындайды. Осындай тәтті тағамдарының ішінен штрудельді айтуға болады. Жергілікті танымал торттар қатарына шомлой галушкасын және добош, кюртешкалашты жатқызамыз. Мажарстандағы дәстүрлі және ең танымал сусындар қатарынан Тоқай шарабын атауға болады. Мажарлар оның ашықсары түсімен және татымды дәмімен мақтанады. Спирттік ішімдіктер арасында абрикос арағы, Уникум шөп бальзамы және Кечкемет қаласының ақ шараптары сұранысқа ие.

Киімдері

Мажар халқының киімдері өте алуан түрлі. Әйел киімдері белдеумен сырласқан, бау, металл ілмектер, кестелермен безендірілген белден жиналған өте кең және қысқа юбка, кең жеңді қысқа көйлек; ашық жеңсіз кеудеше (пруслик). Трансильванияда жеңсіз күртеше юбкамен бірге тігіліп, киім сарафанға ұқсайтын. Киімнің міндетті бөлшегі кестеленген алжапқыш болды. Оны ер адамдар да киді.Бас киімдер түрлі орамалдармен, байламдармен, ленталары бар гүл шоқтарымен тігілген.


Қыздар бастарын лентамен оның ұштарын бант қылып байлайтын немесе моншақтар, ленталармен безендірілген арнайы қатты шеңбер формасындағы бұйым тағатын.Қысқы киімдері қой терісінен жасалған қысқа тұлып пен былғары жамылғы болды. Әйелдердің аяқ киімдері кестеленген былғары және барқыттан жасалды. Калатосег, палоцтық әйелдер етік киген.Ерлер киімі кең әрі ұзын жеңді кенеп жейде, желетке және зығыр кенеп шалбар болып, қысқа және қара түсті желеткеге ұқсас бауы бар кестеленген шалбар батыста тар, шығыста кең тігілді. Бас киімдер арасында былғар бөрік, сабан және киізден жасалған қалпақ басым болды. Бас киімдерін мерекелерде гүлдермен безендіретін. Ерлердің сыртқы киімдері қарапайым матамен қапталған пальто. Ер киіміне тән былғары белдіктің қалтасында ұсақ заттар сақталып, ол сонымен қатар суықтан қорғайтын. Олар аяқтарына ұзын қара саптама етік киді. Ер мен әйел киімдерінің жеке бөліктерінің әр түрлілігі елді мекенге байланысты болады.

Дәстүрлі үйлері

Дәстүрлі қоныстары негізінен өте үлкен және бір-бірінен едәуір алшақ ауылдар мен қыстақтар болып табылады.Ауылдың ең көне түрлері Альфельдтің солтүстігінде сақталған: орталықта шағын, бір-біріне тығыз жанасатын үйлер орналасқан, олардың арасын шаруашылық аулалар қоршаған. Ал олардың артында жайылымдар және одан әрі шабындық жерлер орналасқан. Жер бедеріне байланысты жұлдызды (орталығы - көшелер сәулемен бөлінетін нарықтық алаң), түйдек, бірқатарлы үйлер кездеседі. Дәстүрлі тұрғын үйлердің көптеген түрлері сақталған. Альфельдте малшылардың дөңгелек уақытша үйлерді, сондай-ақ шатыры бар және ошағы жоқ бір камералы үйлерді көруге болады. Жеке қамыс, жапсарлас құрылыста кездесе алады. Задунай өлкесінің шығысында жер қабырғалары бар үйлер, ал оңтүстігінде саз балшықпен көмкерілген үйлер бар. Ағаштан салынған бөренелі үйлер Трансильвания және Задунай өлкесінің батысында, ал тас үйлердің басым бөлігі Балатонда кездеседі.Мажар құрылыстарының шатыры қамыс немесе қара сабан болған. Тұрғын үйдің алдында әрдайым дәліз бар. Мажарлар тұрғын үйлері біркелкілігімен ерекшеленеді: үйдің екі терезесі көшеге қарайды; терезе астында арнайы орындықтар бар. Үйлердің көп бөлігі бір қабатты, жоғары, қамыс, сабан немесе гонт жабыны бар. Кейбір бөліктері ашық түстерге боялған (жасыл, көгілдір, қара-қызыл). Үй едендері балшықтан жасалған.

(Суреттер: Ашық ғаламтор көзінен алынды)
Акжан Ибрагимова
Бөлісу: