14.11.2025
12:30
599
Майра Қазиева: Біздің басты мақсат — өңірге бәсекеге қабілетті инженер-техник маман дайындау

Майра Қазиева: Біздің басты мақсат — өңірге бәсекеге қабілетті инженер-техник маман дайындау

Маңғыстау өңірінде техникалық маманға сұраныс жыл сайын артып келеді. Осы қажеттілікті өтеуде Х.Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжі маңызды рөл атқарып отыр. Инженерлік-техникалық бағыттарды күшейту, дуальды оқыту жүйесін дамыту және өндіріс орындарымен серіктестікті кеңейту – оқу орны жұмысындағы негізгі басымдықтар. Колледж директорының орынбасары Майра Қазиевамен болған сұхбатта осы бағыттағы жаңашылдықтар мен болашақ жоспарлар кеңінен талқыланды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Майра Әлібайқызы, колледждің бүгінгі басты миссиясы қандай?

– Біздің оқу орны – өңірдің индустриялық-инновациялық дамуына кадрлық және технологиялық дем беріп отырған жетекші білім ордаларының бірі. Колледждің негізгі мақсаты – аймақ экономикасының сұранысына сай, заманауи техника мен технологияны толық меңгерген білікті мамандар даярлау. Ол үшін оқу процесін өндірістің нақты талабына бейімдеп, дуальды жүйе мен құзыреттілікке негізделген модульдік бағдарламаларды енгіздік. Робототехникадан бастап мехатроника, электроника, 3D-модельдеу, инженерлік графика, дәнекерлеу технологиясы, СББ станоктарында токарлық жұмыстар сияқты бағыттарға арналған зертханаларымыз студенттердің тәжірибелік қабілетін шыңдауға толық мүмкіндік береді. Қазір біз үшін негізгі басымдық – инженерлік-техникалық мамандықтарды дамыту, материалдық базаны күшейту және аймақ кәсіпорындарымен серіктестікті кеңейту.

Техникалық маман даярлау ісіндегі басты жаңашылдықтарға тоқталсаңыз.

– Қазіргі еңбек нарығы өте жылдам өзгереді. Сондықтан біздің оқу орны инновациялық және тәжірибеге бағытталған оқытуды белсенді енгізуде. Модульдік-құзыреттілік тәсіл студенттің жеке қабілетін ашуға және кәсіби дағдысын қалыптастыруға ықпал етеді. Өндірістік талапқа сай жабдықталған робототехника, мехатроника, электроника, 3D-прототиптеу зертханалары – студенттің инженерлік ойлауын дамытатын негізгі орталықтар. Дуальды оқыту жүйесі де кеңейіп келеді: білім алушылар уақытының бір бөлігін кәсіпорында өткізеді, нақты жабдықпен жұмыс істеп, болашақ жұмыс орнын алдын ала көреді. Оқытушыларымыз да IT-платформаларды, интерактивті құралдарды, онлайн-оқыту элементтерін тиімді пайдалану арқылы білім сапасын арттыруда. Бұл жаңашылдықтардың барлығы түлектерімізді еңбек нарығында бәсекеге қабілетті етеді.

Серіктестік және өндірістік тәжірибе бағытында қандай жұмыстар жүріп жатыр?

– Біздің колледж аймақтағы ірі кәсіпорындармен тұрақты байланыс орнатқан. «КазАзот», «KazTransOil», «МАЭК-Қазатомпром», «Каспий Құбыр Консорциумы», «Open Sound Control» және басқа да құрылыс, энергетика компаниялары студенттерімізді өндірістік тәжірибеден өткізіп келеді. Дуальды оқыту аясында студенттер білім алып жүріп-ақ сол кәсіпорындарда жұмыс дағдысын қалыптастырады. Сонымен қатар, кәсіпорындармен кадр тапсырысы бойынша келісімдер бар. Бұл – өңірдің еңбек нарығын нақты мамандармен қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі қадам.

Оқу сапасы мен оқытушылар құрамының әлеуеті туралы айтып өтсеңіз.

– Біздің педагогтарымыз жыл сайын республикалық, халықаралық курстарда біліктілігін арттырып, заманауи педагогикалық әдістерді меңгеріп келеді. Колледж бағдарламалары халықаралық стандарттарға сәйкестендіріліп, модульдік оқыту жоспары кезең-кезеңімен толық енгізілді. AutoCAD, SolidWorks, Arduino сияқты инженерлік бағдарламаларды, симуляциялық зертханаларды қолдану арқылы оқытушылар сабақтың практикалық деңгейін көтеріп отыр. Цифрлық технологияны меңгерген жас педагогтар да, тәжірибелі ұстаздар да студенттердің инженерлік ойлауын дамытуға ерекше көңіл бөледі. Бұл –білім сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жоспарлы жұмыс.

Алдағы уақытта колледждің өңір үшін маңызы қандай болмақ?

– Келешекте даму стратегиямызды жаңа жобалармен толықтыруды көздеп отырмыз. Әсіресе жасанды интеллект, автоматтандыру, «жасыл энергетика», цифрлық технологиялар бағытындағы зертханалар ашу жоспарымызда бар. Аймақ кәсіпорындарымен бірлескен инжинирингтік орталықтар құрсақ дейміз. Бұл студенттерге оқу кабинетінде емес, нақты өндірістік ортада тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Біз Маңғыстаудың техникалық кадрлар қорын нығайтып қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына үлес қосатын жаңа буын инженер-техниктерін даярлауды мақсат етеміз.

Әңгімеңізге рахмет.