Бүгін «батыр» деген сөз айтылса, көпшіліктің көз алдына автомат асынған, әскери формадағы жауынгер елестейтіні рас. Алайда батырлық тек майдан даласында ғана өлшенбейді. Нағыз ерлік – күн сайынғы тынымсыз еңбекпен, көзге көрінбейтін жауапкершілікпен атқарылатын жұмыс. Бұл – бейбіт күннің майданы. Ал сол майданның алғы шебінде тұрғандар – жұмысшы мамандық иелері.
Теміртау, Қарағанды, Ақтөбе, Павлодар сынды өндірісті өңірлерде зауыт пешінің алдында, шахта түбінде, ауыр техника арасында еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшылар – ел экономикасының тірегі. Олардың қаруы – балға мен кетпен, кран мен дәнекерлеу аппараты, ал қорғаны – отқа төзімді киім мен темірдей төзім.
Егер бір сәтке зауыт пеші өшсе, шахта жұмысы тоқтаса, теміржолдағы вагондар қозғалысын доғарса, қоғам сол кезде ғана еңбек адамдарының маңызын аңғарады. Ал сол тұрақтылықты күн сайын үнсіз қамтамасыз етіп отырған – көпшілікке беймәлім, бірақ ел үшін аса қажет көрінбейтін батырлар.
2025 жылдың Мемлекет басшысының бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы – еңбек адамына деген құрметтің жаңа кезеңі. Бұл бастама қоғам назарын зауыт пен цехтағы, өндіріс пен техникадағы еңбекке бұрды. Әсіресе өндірісі дамыған Павлодар облысы үшін бұл жыл айрықша маңызға ие.
Ақсу қаласы – өндіріс пен техникалық мамандықтардың ордасы. Мұнда зауыттар тек экономикалық дамудың емес, жастарды еңбекке баулудың да басты тетігіне айналып отыр. Осындай ортада қалыптасып, стереотиптерді бұзып жүрген жандардың бірі – кран машинисі Елизабет Жұмкеева.
Қоғамда «кран машинисі» десе, көп жағдайда ер адам елестейді. Алайда бұл түсінікті жоққа шығарып жүрген еңбекқор әйелдер де бар. Солардың бірі – «Қазхром» ТҰК АҚ-ның «Ақсу ферроқорытпа зауыты» 4-цехындағы дайын өнім қоймасында көпір кранын басқарып отырған Елизабет Жұмкеева.
Ауыр техниканы меңгеріп, ерлермен иық тірестіре жұмыс істеу – батылдық пен кәсіби шеберліктің белгісі. Елизабет – бұл салада 10 жылға жуық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман. Биіктегі кран кабинасында отырып, әр қозғалысқа мұқият болу үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Бұл кәсіп тек техникалық білімді ғана емес, темірдей тәртіп пен сабырды қажет етеді. Ұзақ уақыт бойы жоғарыда отырып, әр жүктің қауіпсіз қозғалысына жауап беру – үлкен сенім, – дейді ол.
Елизабет Жұмкеева Павлодар облысы Май ауданындағы Саты ауылында дүниеге келген. Чапаев атындағы орта мектепті тәмамдаған соң, Ақсу қаласындағы «МирДик» оқу орталығында кран машинисі курсын оқып шығады. 2021 жылы Ақсу ферроқорытпа зауытына жұмысқа орналасқанымен, бұл саладағы еңбек жолы 2008 жылдан бастау алады.
Әуелде көп адам сияқты еңбекақысы тұрақты, сұранысқа ие жұмыс іздедім. Кран машинисі курсына баруым да сондықтан. Басында қиын болды. Тежегіштерді реттеу, механизмдерді тексеру, техниканы күтіп ұстау – бәрі үлкен жауапкершілік. Бірақ уақыт өте келе үйренесің, – дейді ол.
Оның айтуынша, әр ауысым жұмысқа кіріспес бұрын жедел жиналыс өтіп, қауіпсіздік техникасы қатаң түсіндіріледі. Арнайы киім, каска, көзілдірік, респиратор – күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігі. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығы да бұл мамандықтың сынағы. Дегенмен жұмыс беруші тарапынан жасалған жағдай еңбек етуге мүмкіндік береді.
Елизабет үшін бұл жұмыс тек нәпақа табу ғана емес, өзін дәлелдеу, ішкі күшті сезіну. Ол ауыр өндірісте әйел адамның да табысты бола алатынын ісімен көрсетіп келеді.
Егер отбасыңда қолдау болса, кез келген жұмысты алып шығуға болады. Биіктіктен қорықпайтын қыздар үшін бұл мамандық тіпті арман деп айтар едім. Алғашқы кезде жанымнан тәжірибелі әйел кран машинистердің табылуы үлкен демеу болды. Сол себепті жастарды қиындықтан қашпауға, техникалық мамандықтарды таңдауға шақырамын, – деді Елизабет Жұмкеева.
Елизабет Жұмкееваның табандылығы мен кәсібіне деген адалдығы – бүгінгі жас ұрпаққа үлгі. Ол жұмысшы мамандықтың абыройы артқан кезеңде еңбек адамының шынайы бейнесін көрсетіп жүрген жандардың бірі.
Бүгін бейбіт күннің майданында үнсіз еңбек етіп жүрген осындай адамдар барда, ел экономикасы да, қоғамның болашағы да нық болады.