09.05.2025
14:27
1742
Майдангер атасының жолын жалғаған полковник

Майдангер атасының жолын жалғаған полковник

Жеңістің 80 жылдығына орай біз Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығының жауынгерлік даярлық бас басқармасының оқу-материалдық базасын дамыту қызметінің бастығы, полковник Рауан Байбусиновпен сұхбаттасып, қазіргі әскери даярлық, патриоттық тәрбие және отбасылық ерлік дәстүрі туралы әңгімелескен едік.

Рауан Байбусинов – Ұлттық ұланның оқу-материалдық базасының жай-күйі мен дамуын бақылауға жауапты қызметті басқарады. Бұл – жауынгерлік даярлықтың негізі болып табылатын маңызды сала. Жеке құрамды сапалы оқыту мен олардың дайындық деңгейі тікелей осы базаға байланысты. Бірнеше жылдан бері осы лауазымда қызмет етіп келеді. Басты мақсат – даярлық деңгейін жаңа деңгейге көтеру.

El.kz: Ұлттық ұланның қазіргі жауынгерлік дайындық деңгейі туралы не айта аласыз?

Рауан Байбусинов: Бүгінгі таңда Ұлттық ұланның жауынгерлік дайындығы қазіргі заман талаптарына толықтай сай келеді. Бұған тек оқу-жаттығу нәтижелері ғана емес, сонымен қатар төтенше жағдайлар кезінде – әсіресе, ел өңірлеріндегі су тасқыны зардаптарын жоюда – әскери қызметшілердің іс жүзіндегі әрекеттері дәлел.

Мемлекет басшысы – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2023 жылғы «Батыл тойтарыс» оқу-жаттығуы кезінде: «Қазақ армиясы кәсіби, мобильді және кез келген күрделі тапсырманы орындай алатын болуы тиіс» деген болатын. Бұл – біз үшін нақты бағдар.

El.kz: Қазіргі қауіп-қатерлерге жауап ретінде қандай жаңашылдықтар енгізілуде?

Рауан Байбусинов: Қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге жауап ретінде біз жауынгерлік дайындыққа бірқатар жаңашыл әдістер мен заманауи технологияларды енгізудеміз. Тактикалық жаттығуларды шынайы жағдайларға барынша жақындату, цифрлық тренажёрлар мен интерактивті оқыту жүйелері – біздің жұмысымыздың бір бөлігіне айналды.

El.kz: Қазіргі жастардың әскери қызметке деген көзқарасы қандай?

Рауан Байбусинов: Қазіргі жастардың әскери қызметке қызығушылығы жоғары. Біз олармен белсенді жұмыс жүргізіп келеміз: әскери-патриоттық іс-шаралар, кездесулер, әскери кафедралармен байланыс – бәрі жастардың бойында патриоттық рух қалыптастыруға бағытталған. Бастысы – оларға Отан қорғаудың мәртебелі іс екенін көрсету.

El.kz: Атаңыз екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан екен. Атаңыздың соғыстағы ерліктері мен батырлығы жайында айтып берсеңіз?

Рауан Байбусинов: Мен отбасылық тарихты мақтан тұтамын. Менің аталарым – Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер. Өз атам Байбусинов Дюсенби 1942 жылы майданға аттанған. Ол Сталинградты қорғаған, кейін Орел-Курск шайқасына қатысып, Ленинград түбінде шайқасқан. Жеңіс күнін Эстонияда қарсы алған. Соғыстан кейін Байкал-Иркутск теміржолын қалпына келтіруге атсалысып, 1948 жылы ғана ауылына оралған. Көптеген орден-медальдармен марапатталған. Ауыл тұрғындарының сеніміне ие болып, совхоз төрағасы болған.

Нағашы атам Ғалымжан Мұқанов 1938 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылып, Фин соғысына қатысқан. Украина мен Польша жерлерін азат етуге қатысып, Берлинге дейін жеткен. Жеңіс күнін Рейхстагта «Мен қазақстандық Мұқанов» деп жазу арқылы қарсы алған. 16 орден-медаль иегері. Атап айтсақ, жауынгерлік «Қызыл ту» орденімен, I және II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Москваны қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені  үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарына ие болды. Соғыстан кейін Теміртауда партиялық қызметте болған. Олар мен үшін нағыз үлгі. Аталарыма мың алғыс.

El.kz: Атаңыздың ерлігі сіздің өмірлік ұстанымыңызға қалай әсер етті?

Рауан Байбусинов: Ата-бабаларымның ерлігі мен үшін тек мақтаныш қана емес, үлкен жауапкершілік. Олардың Отанға деген сүйіспеншілігі, табандылығы, төзімділігі – менің өмірлік ұстанымымның негізі. Бұл қасиеттерді мен де өз қызметімде қолданып, болашақ ұрпаққа жеткізуді парыз санаймын.