Мәулен Әшімбаев Рим Папасымен кездесті

4 Сәуір, 21:30 950

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ Парламент депутаты жұмыс сапарымен Ватикан мен Италия Республикасына барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сенаттың баспасөз қызметінің мәліметінше, сапар аясында делегация Рим Папасы Францискпен кездесті. Сондай-ақ Ватиканның Дінаралық диалог жөніндегі Дикастериясының және Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті. Қазақстандық сенаторлар Италия Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарымен де кездесіп, парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Мәулен Әшімбаев Рим Папасы Францискке ілтипат танытып, Понтификке аудиенция үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол екі ел арасындағы достық қарым-қатынастың одан әрі нығаюына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл қаңтар айында Ватиканға жасаған ресми сапары айтарлықтай серпін бергенін атап өтті. Сенат Спикері өз сөзінде Қасиетті Таққа Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезіне жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ Рим Папасының VII Съезге қатысуы жаһандық дінаралық диалогты арттыруға және халықаралық деңгейде рухани дипломатияны дамытуға зор ықпалын тигізгенін айтты.

Өз кезегінде Рим Папасы Франциск Қасиетті Тақ Қазақстанның бейбітшілік пен түрлі дін өкілдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған бастамасын қолдайтынын тілге тиек етті. Сонымен бірге ол Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезіне қатысқан сәтті еске алды.

Бүгінгі кездесуіміз Астанаға сапарымды, сол кезде қатысқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезін еске түсірді. Съезд дін лидерлері диалог құратын, сондай-ақ, әлемдік саясаткерлер мен мәдениет және медиа өкілдерін біріктіретін бірегей алаңға айналды. Бұл бастама, шын мәнінде, құрметке лайық және Қазақстанды кездесулер елі ретінде көрсетеді. Биыл қаңтар айында Ватиканға сапармен келген Қазақстан Президентімен кездестім. Сол кезде қазақ халқына деген ізгі ниетімді білдірдім. Біз діндер, мәдениеттер және этникалық топтар арасындағы үйлесімділікке жету жолында бір-бірімізді қолдауымыз қажет. Қазақстан – осындай жетістікпен мақтана алатын ел, – деді Рим Папасы Франциск.

Сапар аясында экология, жаһандық жылыну және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президенті жасыл экономикаға көшу мәселесіне баса мән беріп отырғанын айтты. Соған сәйкес ұлттық заңнама, Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның қызметі және басқа да бағыттар аясында кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі қазіргідей өзекті сын-қатерлер жағдайында дін көшбасшыларының, саясаткерлердің және халықаралық ұйымдардың күш-жігерін ортақ мүддеге жұмылдыруды көздейді. Рухани көшбасшылар жергілікті жерде ғана емес, халықаралық деңгейде де зор ықпалға ие. Олар бірлесіп, климаттың өзгеруі, теңсіздік, экстремизм сияқты проблемаларды шешуге, қақтығыстар мен соғыстарды тоқтатуға айтарлықтай септігін тигізе алады. Планетамыз бен келер ұрпақтың жарқын болашағы жолында жұдырықтай жұмылу біздің ортақ мақсатымыз екені анық, – деді Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Италия Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Иньяцио Ла Руссамен кездесті. Сұхбат кезінде тараптар парламентаралық қарым-қатынасты арттыру мәселесіне кеңірек тоқталды.

Италия – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі. Біздің елдеріміз арасында сындарлы саяси диалог қалыптасқан. Жыл басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Италияға ресми сапармен келуі соның жарқын бір көрінісі. Бұл сапар екі мемлекеттің экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайтуға тың серпін берді, – деген Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта парламентаралық байланысты одан әрі нығайтудың мәні зор екенін айтты.

Өз сөзінде Иньяцио Ла Русса екі елдің қарым-қатынасын әрі қарай арттырудың маңызды екеніне назар аударып, Қазақстанда жүргізіліп жатқан демократиялық жаңғыртулар мен реформаларға қолдау білдірді.

Екіжақты кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін де талқылады. Одан бөлек, екі жақ білім беру және туризм саласындағы серіктестікті кеңейту жөнінде пікір алмасты.

Зарина Арман
Бөлісу: