Мәулен Әшімбаев көшпенділер ойынына қатысып жатқан спортшылармен кездесті

11 Қыркүйек, 19:17 384

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында этноауылда өткен жамбы ату сайысының финалдық кезеңіне арнайы барып, қазақстандық спортшыларға қолдау білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Палата Спикері өз сөзінде Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ұлттық спортты және тарихи мұраны дәріптеуде айрықша мәнге ие екенін атап өтті.

Көшпенділер ойындары – ұлттық спорт түрлерін және көшпенді халықтардың тарихи мұрасын дәріптейтін бірегей бастама. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Көшпенділер олимпиадасы деп атаған осындай ауқымды іс-шараны өткізу елімізді танытып, тарихымызды насихаттау тұрғысынан аса маңызды. Бұл жобаны осыдан он жыл бұрын қырғыз ағайындарымыз алғаш рет ұйымдастырған болатын. Содан бері көшпенділер ойындары игі дәстүрге айналды. Биыл Қазақ елінде өтіп жатқан Ойындар ұйымдастыру деңгейі, қатысушы елдердің саны және сайыс аясындағы мәдени бағдарламалардың ауқымы жағынан ерекше екені сөзсіз, – деп Мәулен Әшімбаев барлық спортшыға сәттілік тіледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Көшпенділер ойындарында спортшылар жамбы атудың төрт түрі бойынша сынға түсіп жатыр. Нақты айтқанда, олар корея, түрік, мажар және қазақ стилі бойынша бақ сынайды Аталған спорт түрінен 27 елден келген 78 мерген чемпиондық атақты сарапқа салады.

Айта кетейік, жарыстың бірінші күні 8 қыркүйек күні өтті. Алғашқы алтын және қола медальдарды Франция ұлттық құрамасының спортшылары жеңіп алды. Ал, «күміс» Моңғолия атлетіне бұйырды. Аталған сында қазақстандық Абзал Тұлыбеков алғашқы бестікке ілігіп, үздіктер қатарынан көрінді.

Жалпы, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен келген 2800 спортшы қатысып жатыр. Жоба қолға алынғалы бері өткен он жылда алғаш рет барлық құрлықтан қатысушы келді. Олардың арасында ең шалғайда орналасқаны Австралия құрамасы екенін атап өткен жөн. Ойындар аясында ғылыми бағдарлама өткізу де көзделген. Оған 12 елден 75 маман қатысады деп жоспарланып отыр.

Перизат Саденова
Бөлісу: