Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысын қорытындылау сөзінде алда бірқатар міндет тұрғанын айтып, атқарылған істерге тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Төраға өткен жылдың бәрімізге оңай болмағанын және геосаяси ахуалға байланысты өндірістік, логистикалық, сауда қарым-қатынастары айтарлықтай зардап шеккенін жеткізді.
Салдарынан іскерлік белсенділік төмендеді. Инфляция деңгейі 20 пайызға жетті. Десе де күрделі сыртқы жағдайға қарамастан, 2022 жылы экономиканың нақты өсуі 3,2 пайызды құрады. Елге 28 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Салық түсімі де өсті. Мұның бәрі Мемлекет басшысы бастаған маңызды реформаларды іске асыруға мүмкіндік берді, – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ол өз сөзінде 2022 жылы елімізде ең төменгі жалақы деңгейі ұлғайғанын айтты. Бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақысы, әлеуметтік және зейнетақы жәрдемақылары көтеріліп, еліміз бойынша 250-ге жуық мектеп, 130 мыңнан астам отбасы жаңа пәтерге көшкенін тілге тиек етті.
Қазақстан бюджеті әрдайым айқын әлеуметтік бағытқа табан тірейтіні белгілі. Президент өзінің сайлау алдындағы бағдарламасында алдағы жылдардағы бағыт-бағдарды нақты айқындап, міндеттерді жүктеді. Біз соның бәрін сәтті іске асырып, елдің сенімін ақтауымыз керек. Бұл ретте шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыс орындарын құру сияқты нақты міндеттер бар, – деді Сенат төрағасы.
Сенат төрағасы алға қойған басты мақсат – азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуде Парламент депутаттары Үкіметке қолдау көрсетуге қашан да дайын екенін жеткізді.