Масуд Шейх Зейнедин: Иран Парламентінде міндетті түрде әрбір ұлт өкілдерінен бір депутаттан сайланады

18 Қазан 2018, 09:24 2062

Петропавлда «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы  аясында  Иран Ислам Республикасы елшілігінің мәдениет өкілдігі ұйымдастырған «Фирдоусидің «Шахнамесі»- әлем әдебиетінің жауһары» атты көрме  өтті.

 

Бұл шараның ашылу салтанатына Иран Ислам Республикасы Елшілігінің мәдени өкілдігінің кеңесшісі Масуд Шейх Зейнедин қатысты.

Ол  бұл көрменің Қазақстан жерінде үшінші рет өткізілгенін хабарлады. Бұған дейін дәл осындай  шара Қызылорда мен Ақтауда ұйымдастырылыпты.  Көрменің  Сыр өңірінен бастау алуы  тегін емес. Өйткені Фирдоусидің «Шахнамесін»  қызылордалық  ақын  Тұрмағамбет Ізтілеуов 1932-36 жылдары парсы тілінен қазақ тіліне өлең жолдарымен аударған алғашқы ақын екен.

Елшілік өкілінің айтуынша, мәдениет шекара таңдамайтын сала.

Әлем әдебиетінің  жауһары саналатын Фирдоусидің «Шахнамесі» Иран халықының тарихын бастан аяқ суреттейтін  бірегей шығарма. Оны ақын 35 жыл бойына жазған екен. Шамамен  алғанда күніне 5-6 өлеңнен жазып отырған.

Көрмеге келушілер парсы және орыс тілдеріндегі көркем әдебиетпен, поэма сюжеттеріне негізделіп жазылған  «Шахнаме», «Түс қаласындағы данышпан мүсіні», «Сиявуштың оттан өтуі», «Шангал шах және Бахрам Гур шах шайқасы көрінісі», «Сухрабты Рустамның өлтіруі» және т.б картиналармен де танысты.

Көрмеде көркем шығармалармен қатар сәндік, қолөнер және тұрмысқа қажетті заттар да қойылды. Иранның дәстүрлі өнерінің сирек үлгілерінің ішінде –ежелгі парсылық  «Хатам» ағаш безендіру  техникасымен жасалған ағаш бұйымдар да келген жанның қызығушылығын туғызды. Бірнеше мың жыл бұрын Иранда металл заттарына әр түрлі эмаль жалатып жасайтын  «минакари» техникасы пайда болғаны белгілі. Көрмеде осы техникамен жасалған дүниелер де орын алды.  Бұл дәстүрдің орталығы болып Исфахан қаласы саналады екен. Эмальды бұйымдар «Хатам» мен парсы кілемдері   Иранға сапар шеккен әрбір туристің өз үйіне міндетті түрде әкелетін дүниесі.

Бүгінгі күні де Иран шеберлерінің арасында осы техника кең  қолданыста. Иран өнерінің жоғары түріне «каллиграфия» да  жатады. Онымен Құран  мәтіннің хадистері, хаттар, поэтикалық шығармалар жазылған. Иранның сәндік қолөнерінің 100-ден  астам туындысы да көрмеде көз жауын алды. Өнер шығармалары, шағын миниатюралар, қыштан және металлдан жасалған нақыштама және әшекейлермен безендірілген бұйымдар, вазалар, ыдыстар табақтар, қобдишалар-мұның бәрі көрмеге келген жанды бей жай қалдырмады.    

Солтүстік Қазақстан облыстық  өлкетану мұражайының қызметкерлері елші мырзаға  ұлы Мағжанның кітабын естелікке табыс етті. Биыл ақиық ақынға 125 толғаны белгілі. Оны түркі тілдес халықтардың бәрі Юнеско деңгейінде атап өтті. Иран Ислам Республикасы елшілігінің мәдени өкілдігінің кеңесшісі Масуд Шейх Зейнедин assambly.kz тілшісінің  сұрақтарына  жауап берді: 

 

Масуд Шейх Зейнедин мырза, мына өткізіп жатқан көрмелеріңіз құтты болсын. Бәрі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

- Иә, Фирдоуси Иранның тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі. Оның шығармалары түрік тілдес қана емес, әлем мойындаған классика екендігі  белгілі. Оның әрбір поэмасы Иран азаматы үшін өте маңызды.

Қазақ халқы да Фирдоусидің шығармаларымен жақсы таныс десем артық айтқаным емес.  Көрменің басты мақсаты- қазақстандықтарға Фирдоусидің «Шахнамесін» кеңінен насихаттау. Біз екі тілдегі кітапты осы мұражайға сыйға тартамыз.

- Көрме тағы қандай мемлекеттерде болды?

- Көрме Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия елдерінде болды. Түркі тілдес елдердің бәрін аралаймыз деген жоспар бар. Осы елдердің бәрінде мәдени өкілдіктеріміз бар. Олар өз тарапынан қажетті көмекті көрсетіп жатыр.

Өткен жылы Семейдегі Абай музейінде отырыс өткіздік. Қазақтың Абайы мен Иранның Фирдоусиі туралы кеңінен әңгіме айтылды.

- Қазақстанның барлық қалаларын қамтисыздар ма?

- Ондай мақсат жоқ, бірақ өте үлкен, халқы көп және маңызды деген қалаларды қамтып жатырмыз.

--Тағы қандай шаралар жоспарлап отырсыздар?

- Алдағы жылы Астана қаласында миниатюралар көрмесі ұйымдастырылмақ. Онда шағын кітаптар орын алатын болады. Иран авторларының көбінің шығармалары шағын кітап ретінде басылып шығарылған. Соны әкелеміз.  

- Иранда ресми  тіл-фарси тілі екені белгілі, алайда сіздің елдің халқының дені әзірбайжан ұлты екендігі  белгілі.  Қай тіл сіздерде көп қолданыста?

-Біздің ресми тіліміз-фарси тілі. Алайда әр ұлт өзінің көп шоғырланған жерінде ана тілінде сөйлейді. Бізде Әзірбайжан мемлекетімен шекаралас өңірлерде әзірбайжан ауылдары, тіпті қалалары бар. Олар өз тілінде сөйлейді. Ал Түркиямен шекаралас аймақтардың халқы түрікше сөйлейді. Балалар сол тілде оқытатын мектептерге барады. Тілге байланысты еш шектеу жоқ.     

- Қазақстан  сынды сіздің ел де көпұлтты мемлекет екендігі белгілі. Біздің жерді 130 ұлт мекендейтін болғандықтан, елімізде халықтар достығын нығайтуға бағытталған «Қазақстан халықтары Ассамблеясы» деген ұйым бар. Ал  сіздерде халықтар достығын насихаттайтын ұйымдар бар ма?

- Жоқ, дәл осындай Қазақстан халықтары Ассамблеясы сынды ресми ұйым жоқ. Оның бізге керегі де жоқ. Өйткені ғасырлар бойы біз бір-бірімізбен қатты араласып, ассимиляцияланып кеткенбіз. Мысалы, менің енем түрік, күйеу балам әзірбайжан ұлтынан. Бұл әр отбасына тән құбылыс . Сондықтан бізде халықтарды достастыратын ұйымның қажеті жоқ. Алайда біздің Парламентте міндетті түрде  әрбір ұлт өкілдерінен бір бір депутаттан сайланады. Ол өз тілінің, ұлтының мүддесін Үкімет деңгейінде  қорғау үшін сайланған жан.

- Сіздің елде қанша қазақ ұлтының өкілдері тұрады? Ал біздің елде сіздің ұлт өкілдері қаншама? Статистикалық мәліметтер бар ма?

- Біздің кейбір өңірлерде қазақтар көп шоғырланған. Шамамен 6-7 мыңдай қазақтар тұрады. Ал Қазақстанда 5-6 мың ирандық тұрады. Соңғы кездері екі ел арасындағы қарым қатынас жақсарып, визалық режим алынып тасталды. Сондықтан екі ортада іскер қарым қатынас, туризм әрі қарай жақсы дамиды деген ойдамын.

Гүлмира Сәулебекқызы

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: