1930 жылдар... Ел еңсесін енді көтеріп келе жатқан, экономикалық қиындықтар қыспаққа алған кезең. Осындай ауыр шақта Қаныш Имантайұлы Қазақстан жерінде әлемдегі ең ірі мыс қорының бірі бар екенін дәлелдеуге бел буды. Қарсақбайдағы табанды зерттеулер мен Мәскеудегі қызу ғылыми тартыстар оның қайсар мінезін айқын көрсетті. Нәтижесінде бір кездері белгісіз жатқан Жезқазған өңірі уақыт өте келе ірі өндіріс орталығына айналды.
ХХ ғасырдың алғашқы жартысында Жезқазған өңірінің байлығы толық мойындалмаған еді. 1926 жылдан бастап ағылшын кәсіпкерлері бұл аймақтағы кенді игеруге кірісіп, 1941 жылға дейін шамамен 67 мың тонна мыс өндіріп әкетті. Алайда бұл көрсеткіш жер қойнауындағы шынайы байлықтың тек бір бөлігі ғана болатын.
Ал Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жүргізген ғылыми зерттеулер мүлде басқа нәтижені көрсетті. Оның табанды еңбегінің арқасында 1935–1936 жылдары Жезқазғандағы мыс қоры 3 миллион тоннаға дейін жетіп, 1941 жылы 5 миллион тоннаға дейін ұлғайды. Бұл – кездейсоқ болжам емес, жүйелі әрі ғылыми дәлелденген ірі жаңалық еді.
Қиын-қыстау кезеңге қарамастан, Сәтбаев Қарсақбайда геологиялық барлау жұмыстарын батыл бастады. Мәскеудегі кейбір ғалымдар бұл өңірде тек жер бетіне жақын орналасқан куприт пен малахит секілді мыс минералдары ғана бар деген пікірде болды. Алайда Сәтбаев бұл тұжырыммен келіспей, бұрынғы деректерді терең саралап, жаңа ғылыми әдістерді енгізіп, кешенді зерттеу жүргізді.
1929 жылы ол Жезқазған геологиялық барлау экспедициясын ұйымдастырды. Бұл Қазақстан тарихындағы тұңғыш ірі кешенді ғылыми экспедициялардың бірі саналады. Экспедиция барысында бұрғылау жұмыстары кеңейтіліп, жаңа кен өзектері анықталды. Тек 1927 жылдың өзінде 758 м³ жер бұрғыланып, нәтижесінде мыс қорының әлдеқайда мол екені, яғни 2 миллион тоннадан асатыны нақты дәлелденді.
Осы ғылыми ізденістердің нәтижесінде 1937 жылы Жезқазған әлемдегі ең ірі мыс кен орындарының қатарына қосылды. Бұдан бөлек, аймақта полиметалл кендері – мыс, қорғасын, мырыш, күміс, сондай-ақ марганец, темір, көмір сияқты стратегиялық маңызы бар басқа да пайдалы қазбалар анықталды. Бұл Жезқазғанның тек бір бағыттағы емес, кешенді өндірістік аймақ екенін дәлелдеді.
1935 жылы Мәскеуде өткен ғылыми сессияда Сәтбаев Жезқазғанның болашағын батыл қорғап шықты. Ол ғылыми қауым алдында:
Бұл өңір тек мыс емес, көмір мен темірге де бай. Мұнда үлкен Жезқазған қаласы бой көтереді. Жаңа кен байыту фабрикалары мен мыс қорыту зауыты салынады. Қарсақбай, Жезқазған және Қарағандыны жалғайтын теміржолдар тартылады, – деп мәлімдеді.
Сәтбаев Ленинградтан шақырған мамандармен бірлесе отырып, өңірдің кешенді даму жоспарын жасады. Оның болжамы бойынша, Жезқазған – мыс өндірісінің орталығы, Қарсақбай – темір базасы, ал Қияқты – көмір көзіне айналып, бұл үш өндіріс ошағы теміржол арқылы өзара байланысуы тиіс еді.
Бұл – ғалымның ғылыми көрегендігі мен стратегиялық ойлау қабілетінің айқын көрінісі болатын. Кезінде тек қағаз жүзінде ұсынылған бұл жоба уақыт өте келе толық жүзеге асып, тұтас Жезқазған өңірінің тағдырын айқындады. Сөйтіп, Жезқазған жай ғана кен орны емес, кешенді индустриялық аймаққа айнала алатынын дәлелдеді.
Бүгінде Жезқазған – Қазақстанның түсті металлургия саласындағы стратегиялық маңызы бар ірі өндіріс орталығы. Қала экономикасының негізін мыс өндірісі құрайды. Мұнда еліміздегі жетекші тау-кен компанияларының бірі – Қазақмыс корпорациясы жұмыс істеп, өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып отыр.
Кезінде Қаныш Имантайұлы Сәтбаев ғылыми тұрғыда дәлелдеген кен орындары бүгін де игеріліп, ел экономикасына тұрақты үлес қосуда. Ғалымның 1930 жылдары айтқан «бұл жерде әлі талай кен бар» деген мазмұндағы көреген пікірі уақыт өткен сайын шындыққа айналып келеді.
Мұнда Сәтбаевтың еңбегі ерекше құрметтеледі:
Жезқазғанның дамуы – Сәтбаевтың ғылыми көрегендігінің айқын дәлелі.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев 1926 жылы Томск технологиялық институтын тәмамдағаннан кейін «Атбасцветмет» тресіне жолданып, өндіріс пен ғылымды ұштастырған жауапты қызметке кірісті. 1927-1941 жылдары (кейбір деректерде 1929–1941) ол Қарсақбай кентінде отбасымен бірге тұрып, Жезқазған өңіріндегі геологиялық барлау жұмыстарын басқарды.
Осы кезеңде ғалым тұрған қарапайым үй тек отбасы мекені ғана емес, Қазақстандағы геологиялық ғылымның алғашқы орталықтың біріне айналды. Мұнда далалық зерттеулердің нәтижелері сараланып, жаңа ғылыми тұжырымдар жасалды. Сәтбаев дәл осы жерде бас геолог әрі жетекші ретінде еңбек етіп, өңірдің пайдалы қазбаларын жүйелі түрде зерттеуді жолға қойды.
Бұл шағын ғана баспанада Қазақстандағы тұңғыш ұйымдастырылған стационарлық геологиялық мекеменің негізі қаланды. 1969 жылы, ғалымның 70 жылдық мерейтойына орай, бұл үй ресми түрде мұражай-үй ретінде ашылды. Бүгінде ол Қарсақбай кентінде орналасқан Қаныш Сәтбаев мұражай-үйі ретінде белгілі тарихи нысанға айналған. Мұражайда ғалымның жеке заттары, жұмыс үстелі, сирек құжаттары, кітаптары мен қолжазбалары сақталған.
Қаныш Сәтбаевтың есімі еліміздің көптеген білім және мәдениет нысандарына берілген. Бүгінде оның атымен аталатын 20-дан астам мектеп бар, ал ескерткіштері мен бюстерінің саны оннан асады. Алғашқы музейі туған жері Баянауылда ашылса, кейін Теңдік ауылында да бой көтерді. Сонымен қатар Алматы, Астана және Қарағанды қалаларында да Сәтбаевқа арналған музейлер жұмыс істейді.
Қазақстан аумағында оның атымен аталған мұздық бар, ал аспандағы шағын планеталардың бірі де ғалым құрметіне «Сәтбаев» деп аталады. Осының барлығы Қаныш Сәтбаевтың қазақ ғылымы мен өндірісіне қосқан өлшеусіз үлесінің, ұлт тарихындағы айрықша орнының айқын дәлелі.