Мәскеу келісіміне қатысушылар ҚХР мен Қазақстан аумағында инспекция жүргізді

29 Маусым, 01:29 947

Қорғаныс министрлігі мен ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның әскери сарапшыларымен бірге Қытай Халық Республикасының аумағында Алтай әскери округінің (Хабахе қ.) 372-ші шекара полкінің бақылау нысанына инспекция жүргізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шаралар «Қазақстан Республикасы, Қырғызстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы арасындағы шекара ауданындағы қарулы күштерді өзара қысқарту туралы келісімді» іске асыру жөніндегі бірлескен бақылау тобының 45-ші сессиясында бекітілген биылғы жылға арналған инспекциялық қызмет жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.

Өз кезегінде Қытай Халық Республикасының өкілдері Қазақстан Республикасының аумағында ҰҚК Шекара қызметінің Зайсан ауданы бойынша Шекара басқармасында бақылау объектісіне осындай инспекция жүргізді.

Мәскеу келісіміне қол қойылған күннен бастап мемлекеттік шекараның екі жағындағы Қазақстан-Қытай учаскесінде 50 инспекция жүргізілді. Ондағы мақсат – шекара сызығынан 100 шақырымдық аймақта орналасқан қару-жарақ, әскери техника және жеке құрам саны туралы ақпаратты тексеруге бағытталған. 

Өзара инспекциялар ашық жүргізіледі. Бұл екі елдің Орталық Азияда ұзақ мерзімді қауіпсіздікті қамтамасыз етуге деген ұмтылысын білдіреді.

Зарина Арман
Бөлісу: