11.09.2025
12:18
702
Маск 12 адамның миына чип орнатқанын мәлімдеді

Маск 12 адамның миына чип орнатқанын мәлімдеді

Илон Масктің Neuralink компаниясы 10-нан астам адамға ми импланты орнатқанын ресми түрде мәлімдеді. Бұл туралы компания өзінің X парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Neuralink дерегінше, әлем бойынша барлығы 12 адамға ми чиптері салынған. Олардың импланттарды пайдалану уақыты жалпы есеппен 2 мың күннен және 15 мың сағаттан асып отыр.

Біз барлық қатысушыларымызбен нейроинтерфейстердің мүмкіндіктерін зерттеуді жалғастыруға асықпыз, - делінген компания хабарламасында.

Reuters журналистерінің айтуынша, Neuralink сынаққа қатысушылар санын едәуір арттырған. Маусым айында компания ауыр сал ауруына шалдыққан жеті науқастың чип иеленгенін хабарлаған болатын. Масктің компаниясы алғаш рет адамға чип орнатқаны туралы ақпарат 2024 жылдың қаңтарында белгілі болған еді.

Сонымен қатар материалда 2024 жылдың шілдесінде Neuralink өзінің ми интерфейстерінің мүмкіндіктеріне арналған ауқымды зерттеу бастағаны айтылған. Оған Лондон университеттік колледжінің және Ньюкасл ауруханасының британиялық ғалымдары қатысқан.

Қыркүйек айының басында Илон Маск 2026 жылы Neuralink соқыр адамға көру қабілетін қайтаруды жоспарлап отырғанын жариялады.