21.07.2023
13:07
1279
Мас болып мотоцикл айдап, кісі өліміне себепші болған Қостанай тұрғыны сотталды

Мас болып мотоцикл айдап, кісі өліміне себепші болған Қостанай тұрғыны сотталды

Қостанай аудандық сотында мас күйінде көлік жүргізіп, жол апатын жасаған, осылайша абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған К-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Соттың мәліметінше, іс Қылмыстық кодекстің 345-1-бабының 3-бөлігі бойынша қаралған.

4 сәуірде Қостанай ауданы Московский ауылында жүргізуші К. мас күйінде мотоцикл тізгіндеп келе жатып, қарсы жолаққа шығып кеткен. Сөйтіп қарсы бағытта келе жатқан автокөлікпен бетпе-бет соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасының салдарынан сотталушы К-ның мотоцикл кузовының жолаушы орындығында отырған жолаушы Л. алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

Прокурор сотталушыны 10 жылға көлік басқару құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Жәбірленуші - марқұмның анасы сотта сотталушыға бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады.

Сотталушы өз кінәсін және талаптарын толық мойындап, жәбірленушіден кешірім сұрады.

Сот жаза тағайындау кезінде сотталушы К-ның жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде өз кінәсін ашық мойындауын және жасаған ісіне өкінетінін, сондай-ақ кәмелетке толмаған баласының барын ескерді.

Сотталушы 10 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан және 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.