22.08.2025
09:46
452
Марк Цукерберг OpenAI мен Google-дың үздік мамандарын тартып алды

Марк Цукерберг OpenAI мен Google-дың үздік мамандарын тартып алды

Meta корпорациясының басшысы Марк Цукерберг 50-ден астам тәжірибелі AI-инженерлерін жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында OpenAI, Google, Apple, xAI және Anthropic компанияларынан келген зерттеушілер бар, деп хабарлайды El.kz интернет порталы Wall Street Journal басылымына сілтеме жасап.

Цукерберг мамандарды тарту процесіне өзі тікелей қатысып, оларға ірі көлемдегі өтемақылар ұсынған. Оларға жүз миллиондаған долларды құрайтын жалақы ұсынылды, сонымен қатар компаниядағы үлес те берілді. Осыған байланысты Meta уақытша жаңа қызметкерлерді қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болған.

Сонымен бірге компания құрамында Meta Superintelligence Labs атты жаңа құрылым пайда болды. Ол төрт бөлімнен тұрады:

  • TBD Lab – суперзияткерлік жасанды интеллектке бағытталған, жаңа қызметкерлердің басым бөлігі осы бөлімге қосылды;

  • ЖИ өнімдері жөніндегі команда;

  • Инфрақұрылымдық команда;

  • Fundamental AI Research – ұзақ мерзімді зерттеулермен айналысатын топ. Бұл бөлімнің құрамы айтарлықтай өзгерген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Meta жалған ақпаратпен күресу үшін құрылған фактчекинг бағдарламасын тоқтатқан еді. Бұдан былай Facebook, Instagram және Threads желілерінде үшінші тарап ұйымдары емес, пайдаланушылардың өздері жалған немесе жаңылыстыратын жазбаларға түсіндірме ескертпелер қоса алады.