Марат Әйтенов бұрынғы жұбайын сотқа беріп, жеңіп шықты

23 Тамыз, 17:55 1043

Сот Марат Әйтеновтің бұрынғы әйелі Дана Әтешоваға денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін айыппұл түріндегі жаза тағайындады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

23 тамызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін Дана Әтешоваға қатысты үкім шығарды (ҚК 108-1-бабының 1-бөлігі).

Әтешова оны мәжбүрлеп шығару процесі барысында үй иесіне қарсылық көрсетіп, Әйтеновті үйге кіргізбей, жәбірленушіні қасақана ұялы телефонымен соғып, оны тістеп алған. Прокурор 30 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындауды сұрады.

Ал қорғаушы тарап оқиға мен қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды сұрады.

ҚК-нің 108-1-бабы 1-бөлігінің санкциясы 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу түріндегі жазаны көздейді.

Жасалған теріс қылықтың мән-жайларын және оның ауырлығын ескере отырып, сондай-ақ сотталушының жеке кәсіпкер болып табылатынын, оның асырауында 3 жас баласының бар екенін және жазаның өзге түрін тағайындау оның балаларының өмірі мен тәрбиесі жағдайларына әсер етуі мүмкін екенін ескере отырып, сот сотталушы Әтешоваға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: