Мақсат Исағабылов: Жақын досыңмен бар күшіңді салып күресу қатыгездік секілді

25 Қазан 2023, 11:25 1448

Биыл қазақ күресінен "Қазақстан Барысы" турнирінде топ жарған қызылордалық Мақсат Исағабылов үшін табысты жыл болды. Бірнеше жыл бойы аталған жарыста жолы сәтсіздікке ұшыраған спортшы жауапты сынға зор дайындықпен келіп, өзінен салмағы жоғары қарымды қарсыластарын басымдықпен жеңді. Таяуда Ақтауда өткен республикалық турнирге келген балуан El.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне арнайы сұхбат берген болатын. 

- El.kz: Қазақстан Барысына" бірнеше жылдан бері қатысып келе жатқаныңмен, биылғы сын сіз үшін өте сәтті болды. 

- Мақсат Исағабылов: "Қазақстан Барысы» турнирінің бәсі жыл сайын артып келеді. Жылда жаңа есімдермен толығып, ішкі бәсеке бұрынғыдан да күшейе түсті. Деңгейі өсіп, балуандардың шеберлігі шыңдала түсті. Биылғы жарыс мен үшін өте сәтті болды. Жарыс кезінде бес белдесу өткіздім. Соқыр жеребемен түскен қарсыластарымның барлығы осы турнирдің басты фавориттері еді. Неге десеңіз алғашқы белдесуден бастап финалға дейінгі барлық қарсыластарым «Қазақстан Барысында» жүлде алған спортшылар. Бұған дейін тек «Әлем Барысында» күміс жүлде иеленген едім. 2017 жылдан бері «Қазақтан Барысына» үзбей қатысып келе жатырмын. Бірақ үнемі жүлдеден тыс қалып жүрдім. Биыл бесінші рет қатысып, жеңімпаз атандым. Бұл мен шыққан биік белес болды. Бұл турнирдегі менімен белдескен балуандар ғана емес, қатысқан барлық 36 спортшы өте мықты спортшылар. Әрқасысы да жеңімпаз атануға лайық. Бағым мен бабым қатар шауып, жеңіске жеттім деп есептеймін. Әлі де алда жақсы нәтижеге жетемін деген сенімдемін.

- El.kz: Кезінде Бейбіт Ыстыбаев "Қазақстан Барысы" турнирінде жеңімпаз атану ниетімен дзюдо құрамасымен Жапонияға барғанын, тіпті, грек-рим күресінің балуандарымен бірге белдескенін айтты. Осы орайда сіздің дайындық барысы қалай болды?

- Мақсат Исағабылов: «Қазақстан Барысы» турнирі қарсаңында қазақ күресінен ұлттық құрама балуандарының оқу-жаттығу жиындарында болдым. Грузияның Гори қаласына арнайы барып қайттық. Көбіне Қызылорда қаласында жеке жаттықтырушыммен турнирге қатысатын барлық қарсыласыма жеке-жеке дайындалдым. Қай спортшы қалай күреседі, соған баса мән бердік. Нұрым Сәлімгереев екеуіміз жастайымыздан бір жаттықтырушының қол астында күресіп жүрміз. Бірге қарсылас болып, бір-бірімізді шыңдадық.

- El.kz: Кезінде Қызылорда облысының атынан күресіп, кейін Ақтөбеге ауысқан Еламан Ерғалиевпен де жарыстарда жолыңыз түйісті. Қарымды қарсыласыңызбен күресудің ауырлы туралы айтсаңыз?

- Мақсат Исағабылов: Еламан Ерғалиев 2017 жылы «Қазақстан Барысы» турнирінде жеңімпаз атанды. Нұрым Сәлімгереев, Еламан Ерғалиев үшеуіміз бір үйдің баласындай болып өстік. Өте жақын доспыз. Алайда жақын досыңмен кілемде күресу өте ыңғайсыз. Себебі, қарсылас ретінде күресумен қатар оған қатар бар күшіңді салып күресу қатыгездік секілді әсер етеді. 

- El.kz: Биылғы турнирде ауыр салмақтағы балуандарды әдіспен таза жеңіп отырдың...

- Мақсат Исағабылов: Қазір салмағым 120 келі. Мен белдесіп жүрген балуандар аса ауыр салмақтағы балуандар. Барлығы мықты. Бұл күрес. Жеңіске жету тәжірибемен келді. Бір спорттарда тек жылдамдық қажет болатын болса, қазақ күресінде жеңіске жету үшін барлық қасиет қажет. Жылдамдық, күш, ептілік, шыдамдылық секілді қасиеттері болса балуандардың жеңімпаз атану мүмкіндігі жоғары. Салмағы ауыр балуандарды жеңуім ептлігік пен жылдамдығымнан болды деп ойлаймын. Ауыр балуандарды арнайы тактикамен жеңдік. Олармен күресу де оңай емес.

- El.kz: Барыстың сыйлығы да жақсы. Осыдан кейін Қызылорда облысы қандай құрмет көрсетті?

- Мақсат Исағабылов: Сыр еліне алғысым шексіз. Жанкүйерлерге, қала халқына, облыс әкімдігіне, спорт және мәдениет басқармасына ерекше рахмет. Мен үшін үнемі қолдау білдіріп, "Қазақстан Барысына" тыңғылықты дайындалуыма септігін тигізді. Елге келген сәтімде құрметпен қарсы алды. Облыс әкімдігі Сыр елінің  атынан 2 бөлмелі пәтер берді.

- El.kz: "Қазақстан Барысының" үш дүркін жүлдегері Нұрдәулет те саған оңай қарсылас емес секілді...

- Мақсат Исағабылов: Нұрдәулетпен "Қазақстан барысында" күрестік. Ол өте тәжірибелі, белді балуан. Оны көпшілік жанкүйек жақсы біледі. Жаздағы турнирде мен жеңіске жетсем, Атырауда өткен Қазақстан біріншілігінде мен есе жібердім. Нұрдәулетпен күресу әркезде жауапкершілікті анық байқатады. 

- El.kz: Әңгімеңізге рахмет! 

Асқар Таудай
Бөлісу: