Маңғыстаулықтар Азия чемпионы атанған Бекзат Нұрдәулетовті салтанатпен қарсы алды

13 Желтоқсан, 22:48 425

Таиландта өткен Азия чемпионатында топ жарған маңғыстаулық Бекзат Нұрдәулетов Ақтауға оралды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі otpannews.kz-ке сілтеме жасап.

Азия чемпионын қарсы алу салтанатында Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш, Маңғыстау облысы бокс федерациясы президенті Асқарбек Керелбаев және чемпионның туған-туыстары жиналды. Бұл ретте Маңғыстау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш чемпионды қуанышымен құттықтап, өңір спортына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Ел абыройын қорғаған Бекзат бауырымызға алғысымыз шексіз. Бекзат Нұрдәулетов 2019 жылы әлем чемпионатында 81 келі салмақта жеңімпаз атанып, өзінің жоғары деңгейдегі спортшы екенін дәлелдеген. Сондай-ақ, ол Токио Олимпиадасында ел намысын қорғаған. Бекзаттың бұл жеңісі оның тек жеке мансабындағы ғана емес, Қазақстан боксындағы маңызды жетістіктердің бірі, - деді Мақсат Мұқаш.

Бекзат Нұрдәулетов Таиландта өткен құрлық біріншілігінде жарысты жартылай финалдан бастаған еді. Ал шешуші айқаста ол өзбекстандық Жасурбек Юлдошевтен басым түсті. Осылайша ол өзінің спорттық мансабында алғаш рет Азия чемпионы атанған еді. 

Биылғы Азия чемпионатын Қазақстан құрамасы 5 алтын, 4 күміс, 1 қола медальмен аяқтады.

Перизат Саденова
Бөлісу: