Маңғыстаулық жастар Ақтау ЖОО-ларында тегін оқуы мүмкін

24 Ақпан, 14:38 748

Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша Ақтауда премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен Маңғыстау жастары үшін жоғары білім беру гранттары және кадрлар даярлау сапасын арттыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұловтың айтуынша, білім беру гранттарын мемлекеттік қаржыландыру өңір мамандарын даярлау сапасына тікелей әсер етеді.

Маңғыстау облысында соңғы 3 жылда 20 мыңнан астам бала мектеп бітірді, 2024 жылы 8297 түлек, келесі жылы 8,5 мыңнан астам түлек күтілуде. Бұл ретте, 2021-2023 жылдары гранттар бойынша қабылданған студенттер қатарынан Маңғыстау мектептерінің түлектері небәрі 4% құрайды. Дегенмен өңір жастарының қазақстандық жоғары оқу орындарында грантта оқуы үшін көптеген мүмкіндік бар, — деді ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов.

Атап айтқанда, 2022 жылы батыс өңірлерінің жастары үшін алғаш рет 10 000 грант және 2023 жылы 3 000 грант бөлінді, оның ішінде Маңғыстау облысы үшін қазақстандық жоғары оқу орындарында тегін оқуға арнайы гранттар бөлінді. Нәтижесінде 4000-ден астам маңғыстаулық студент осындай квота бойынша тегін білім алды. Десе де бұл жеңілдіктер туралы жеткілікті ақпарат болмағандықтан, гранттардың басым бөлігі игерілмей қалды.

2023 жылы ҒЖБМ батыс өңірлердегі әкімдіктердің қолдауымен және 40-тан астам ЖОО-ның қатысуымен кәсіптік бағдар беру жұмысын ұйымдастырды. Бұл Маңғыстау мектеп түлектеріне барлық квоталық орындар бойынша жеңілдікті бағдарлама бойынша оқуға мүмкіндік берді. Мұндай жұмыс биыл да жалғасады.

Кәсіптік бағдар, мұғалімдердің біліктілігі, орта білім сапасы – өңірдің болашақ мамандарын даярлауға әсер ететін үш негізгі фактор. ҒЖБМ зерттеулері көрсеткендей, Маңғыстау облысының мектеп түлектерінің 65%-ы өз аймағынан оқуға кетуге ниетті емес. Орта білім беру сапасының төмендігі өзекті мәселе болып отыр. Оны шешу үшін Маңғыстауға басқа жоғары оқу орындарында оқитын студенттерді педагогикалық практикаға жіберу мүмкіндігі талқыланды. Өңірге болашақ педагогтарды тарту орта білім беруді сапалы жақсартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бүгінде Ғылым және жоғары білім министрлігі бакалавриат деңгейінде кадрлар даярлау және «Болашақ» бағдарламасы бойынша батыс өңірлерінің оқытушыларын тағылымдамадан өткізу мүмкіндігін пысықтауда.

Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин қатысушыларға айтылған барлық мәселелерді пысықтауды, ұсыныстарды жинақтап, оларды іске асыруға кірісуді тапсырды.

Жансая Әділбек
Бөлісу: