Маңғыстаулық балуанға қомақты сыйақы табысталды

Маңғыстаулық балуанға қомақты сыйақы табысталды

20 жасқа дейінгі балуандар арасында әлем чемпионатында күміс жүлде иеленген маңғыстаулық Камиль Куруглиевке 3 млн теңге сыйақы табысталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы otpannews.kz-ке сілтеме жасап. 

Бұл туралы спортшының әкесі, белгілі бапкер Магомед Куруглиев желіде бірнеше фотосурет жариялады. Дүниежүзілік біріншіліктен күміс жүлдемен оралған балуанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мақсат Мұқаш қабылдаған.

Сонымен бірге балуанға айтулы жетістігі үшін ірі көлемде сыйақы берілгені мәлім болды.

Айта кететін жайт, қыркүйек айының орта шенінде Хорватия астанасы Загребте ересектер арасында күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Аталған сында Маңғыстау облысының балуаны еркін күрестен 92 келіде ел намысын қорғайды.

Бұған дейін бокстан әлем кубогының жеңімпазы атанған Бекзат Нұрдәулетовке Жаңаөзен қаласынан 1 бөлмелі пәтер табысталған болатын. Сондай-ақ, ол қыркүйектің алғашқы аптасында Ливерпульде басталатын әлем чемпионатында бақ сынайды.