Маңғыстауда жүкті әйелін пышақтаған тұрғын 15 жылға сотталды

22 Қазан, 14:52 563

Маңғыстау облысында жүкті әйелге пышақ жарақатын салған ер адамға қатысты үкім шығарылды. Сот үкімімен ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды,деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сотта мәлім болғандай, биыл 13 шілдеде ер адам мас күйінде Мұнайлы ауданы, Маңғыстау ауылында орналасқан сауда орталығының алдында заңды некедегі әйелін өлтіру мақсатымен оның арқа, сан және кеуде тұсынан бірнеше рет ас үй пышағымен жарақат салған. Салдарынан әйелдің денсаулығына ауыр зиян келтірілді.

Айыпталушы әйелдің ауыр дене жарақаты салдарынан жерге құлап, дәрменсіз күйде болғанына қарамастан, басынан бірнеше рет теуіп күш көрсетуді тоқтатпаған.

Сотта айыпталушы жасаған әрекетіне шын ниетімен өкінетінін мәлімдеп, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

Сотталушының кінәсі, жәбірленушінің және куәлердің жауаптарымен, сот сараптама қорытындыларымен дәлелденді.

Сот үкімімен күдікті ҚР Қылмыстық Кодекстің 24-бабы 3-бөлігімен, 99-бабының 2-бөлігінің 4-тармағымен кінәлі деп танылып, оған 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: