Маңғыстауда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 21 мектеп салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі өңірлік қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева мүдделі орган мүшелерімен бірлесе Президент тапсырмасына сәйкес бастау алған «Жайлы мектеп» жобасы аясындағы мектептердің құрылыс жұмыстарын зерделеді.
Жоба аясында облыс бойынша екі ауысымда 44 000 оқушыны қамтитын 21 мектеп құрылысы жоспарланған. Оның ішінде, екі ауысымда 21 200 оқушыға арналған 8 мектеп облыс орталығының үлесінде.
Қазіргі таңда 8 мектептің 6-ның құрылысы басталды. Сонымен қатар, Ақтауда «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен әрқайсысы 1200 орындық 2 орта білім ордасының құрылысы жүруде.
Бұл мектептер заман талабына сай қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталатын болады. Біздің басты мақсатымыз — балалардың сапалы білім алуын қамтамасыз етіп, қолайлы орта қалыптастыру үшін жағдай жасау. Жаңа білім ошақтарының іске қосылуы нәтижесінде қаладағы 7 мектептегі үш ауысымдық оқыту мен оқушы орнының тапшылығы мәселелері шешімін табатын болады, - деді Динара Нағимоллақызы.