Маңғыстауда 16-желтоқсан Тәуелсіздік күні қарсаңында 50-ден астам мәдени іс-шара өтеді. Бұл туралы облыстың мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Әсем Әшірова қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі otpannews.kz-ке сілтеме жасап.
Спикердің айтуынша, қала, аудандардағы кітапханаларда 10-14 желтоқсан аралығында «Асқақтай бер, айбынды Қазақстан» тарихи сабағы, «Тәуелсіздік деп соғады жүрегіміз», «Тәуелсіздік – теңдесі жоқ байлығым», «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» тақырыптық көрмесі, «Тәуелсіздік – қасиет тұнған ұлы ұғым», «Тәуелсіздік таңы мәңгілік» өлеңдер сайысы ұйымдастырылады.
Тәуелсіздік күні – ұлттық мереке. Мерекеге орай, 12 желтоқсан күні Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық әмбебап кітапханасында «Мен Қазақстанның болашағымын» ашық есік күні, 14 желтоқсан Маңғыстау облыстық қуыршақ театрында «Айдахар» атты балаларға арналған жаңа қойылымның тұсаукесері мемлекеттік және орыс тілдерінде көрсетілмек. Сондай-ақ 15 желтоқсан Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрында «Әлиханның аманаты» қойылымы, 15 желтоқсан Ақтау қалалық Абай мәдени-демалыс кешенінің ұйымдастыруымен Өмірзақ ауылында орналасқан әскери бөлімде «Тәуелсіздік – тәңір сыйы» мерекелік концерті өтеді, - деді Әсем Әшірова.