Жаңаөзен қаласына қарасты Теңге ауылында жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагері Сыражан Абуевтың құрметіне ескерткіш-мемориалды тақта орнатылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сыражан Абуев 1942 жылдың тамызында әскерге аттанған. Атқыштар курсын аяқтап, 1943 жылы ақпан айында Семейдің Аягөз бекетінде қазақ атқыштар взводының командирі ретінде Сталинград шайқасына аттанды. Өзінің қайсарлығымен көзге түсіп, қазақ атқыштар полкының атқыштар взводының командирі болып тағайындалады. Батыр жауынгердің өмірі мен майдан даласында көрсеткен ерлігі көп. Соғыста бірнеше рет жараланып, сауығып қайта қатарға қосылып, елді қорғауға жанын салды.
Ардагердің ерлігі мен еліне сіңірген еңбегін ұлықтау мақсатында ескерткіш тақта Сыражан Абуев тұрған үйдің қабырғасына ілінді. Бұл игі бастама батыр ұрпақтарының қолдауымен және Теңге ауылдық әкімдігінің ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Салтанатты шараға ауыл ақсақалдары, қоғам белсенділері, Теңге ауылы әкімінің орынбасары Есболат Әлиұлы, Жаңаөзен қаласының Құрметті азаматы Мақсат Ибағаров, «AMANAT» партиясы Жаңаөзен қалалық филиалының атқарушы хатшысы Темір Мусаев және ауыл тұрғындары қатысты.
Жиында сөз алғандар Сыражан Абуевтың қан майдандағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі өнегелі жолын еске алып, есімін мәңгі есте сақтау – кейінгі ұрпақтың парызы екенін атап өтті.
Сонымен қатар, ардагердің қызы Әсем Сыражанқызы жүрекжарды сөз сөйлеп, әке есімін ардақтауға үлес қосқан барша азаматтарға алғысын білдірді.
Іс-шара соңында қонақтарға ас беріліп, ата-бабалар рухына Құран бағышталды.