Маңғыстауда құқықбұзушылықтың алдын алатын жоба іске асады

6 Маусым, 04:43 483

Маңғыстауда жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, жасөспірімдердің денсаулығы мен өмірін сақтау мақсатында «Бағыттайық» жобасы іске асады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі "Жеті жұрт" ҚБ сілтеме жасап.

Жоба жетекшісі Гүлназ Баймурзаеваның айтуынша, негізгі мақсат – құқықбұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды анықтау. Жоба аясында белгілі спортшыларды, қоғамдық пікір көшбасшыларын, зиянды әдеттен арылған «кейіпкерлерді» шақырып, шаралар өткізіледі. Кәмелетке толмаған балалардың ата-аналарымен қарым-қатынас орнату, жасөспірімдердің өмірі мен денсаулығын сақтау бағытында жұмыстар ұйымдастырылады.

Жоспар бойынша аталған жобаға 5 – 11-сынып оқушыларына арналған зияткерлік, қоғамдық, спорттық іс-шаралар, пікірсайыс лигасы, республикалық және аймақтық спикерлердің қатысуымен мотивациялық кездесу өтеді. Сонымен қатар Маңғыстау облысындағы қоғамдық ұйымдар мен қоғам белсенділерін тарта отырып, 10 профилактикалық рейд жүргізіледі.

Жобаны «Жеті жұрт» қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» қолдауымен орындайды.

Перизат Саденова
Бөлісу: