Маңғыстауда күн, жел және газбен жұмыс істейтін электр стансасы салынады

25 Қаңтар 2023, 19:49 1056

Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» баспасөз қызметі мәлім етті

«ҚазМұнайГаз» және ENI Маңғыстау облысында гибридті электр стансасын салуға келісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев 25 қаңтар күні Астана қаласында Eni S.p.A. (ENI) мұнай-газ компаниясының табиғи ресурстар бөлімінің барлау және өндіру жөніндегі директоры Лука Виньяти бастаған италиялық делегациямен кездесті.

ҚМГ мен ENI екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылап, Маңғыстау облысында жаңартылатын энергия көздері (күн+жел) және газбен (электрмен қамтуды тұрақтандыру және газ ресурсын үнемдеу үшін маневрлік қуат ретінде) жұмыс істейтін, қуаты 120 МВт гибридті электр стансасын салу жобасын бірлесіп іске асыруға келісті.

«Бұл жоба — қос компанияның бірлескен табысты жұмысының нәтижесі және Мемлекет басшысының «жасыл» жобаларды дамыту жөніндегі стратегиялық тапсырмасын іске асыру жолындағы қадам. Бастама өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, инвестицияның келуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына мүмкіндік береді», — деді Мағзұм Мырзағалиев.

Сонымен қатар келіссөз кезінде электр энергиясын мақсатты нысандар үшін (атап айтқанда, «Өзенмұнайгаз» және Қазақ газ өңдеу зауытының нысандары қаралуда) өндіру мен жеткізу өндірісте жиі болатын электр энергиясының іркілісі салдарынан апаттық тоқтап қалу қауіпін жоюға мүмкіндік беретіні айтылды.

Жобаны іске асыру мерзімі — 2023-2025 жылдар (жоспар бойынша күн генерациясының блогы 2024 жылы, ал жел мен газ блогы 2025 жылы іске қосылады, болжаммен бюджет мөлшері шамамен 300 млн АҚШ доллары).

Гибридті электр стансаны салу жөніндегі келісім — ҚМГ мен ENI компанияларының 2021 жылдың шілдесінде қол қойған электр энергиясын өндіру және өткізу үшін энергетикалық ауысу жобаларын әзірлеудегі ынтымақтастық туралы меморандум аясындағы жұмысының жалғасы.

EL.KZ
Бөлісу: