Маңғыстау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жыл басынан бері көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл бойынша бірқатар жұмыстар атқарды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жыл басынан бері қаржылық пирамидаларға қатысты 282 сайт бұғаттауға жолданған. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте ҚР қаржылық мониторинг агенттігі өңірлік экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеу басқармасының басшысы Самат Исабеков мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, жыл басынан бері департамент 27 қылмыстық іс тіркеп, оның 25-ін аяқтады. 22 іс сотқа жолданды. Нәтижесінде қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру фактілері әшкереленіп, мүлікті іздеу, оған тыйым салу және тәркілеу шаралары жүргізілді. Алдын алу шаралары да назардан тыс қалған жоқ.
Сауда орындарында тиімсіз делдалдар анықталып, 28 тауар түрінің бағасы төмендеді. 67 көтерме саудагер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «ИнтерьерСтройАктау» және «Багис» серіктестіктеріне қатысты үлескерлердің ақшасын иемдену деректері бойынша істер сотқа жолданып, әлеуметтік шиеленістің алдын алды. 2022–2025 жылдар аралығында осындай қылмыстар бойынша 12 іс қозғалды. Биылдың өзінде «Sax Invest», «Баерс», «Асар Баспана», «Lives Good» сияқты төрт қаржылық пирамиданың қызметі тоқтатылды. Салымшыларының саны 6 мыңнан асты. Мәселен, «Sax Invest» ісінде салым көлемі 9 млрд теңгеден асқаны белгілі болды. Жыл басынан бері қаржылық пирамидаларға қатысты 282 сайт бұғаттауға жолданды. Қаржылық пирамидаларды әшкерелеу үшін «Байқа, пирамида!» Telegram-боты іске қосылды. Енді азаматтар сайттар мен әлеуметтік желілерді қаржылық пирамида қаупін өз бетінше тексеріп, бағамдай алады. Ол үшін Telegram-ботқа мекеменің атауы мен БИН номерін теру қажет, - деді Самат Исабеков.