Маңғыстауда есептегі үш сотталған қамауға алынды

17 Қараша 2022, 20:24 1176

Енді олар жазасының өтелмеген мерзімін ҚАЖ мекемесінде өтейтін болады

Маңғыстауда есептегі үш сотталған қамауға алынды, – деп хабарлайды El.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖ департаменті Қарақия аудандық пробация қызметкерлері есепте тұрған М. есімді тұлғаға қатысты бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігін нақ сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстыру туралы ұсынысты аудандық сотқа жолдады.

2021 жылы Ақтау қалалық сотының үкімімен М. есімді сотталғанға қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен екі жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. ҚР ҚК-нің 44-бабының 2-бөлігіне сай пробациялық бақылау белгіленіп, жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда жылына 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы қарастырылған. Пробация қызметкерлері сотталғанды есепке алынған күннен бастап бақылауға алды.

Уақытылы үйінен тексеріп, профилактикалық бағытта сұхбаттар жүргізді. Осындай жағдай Ақтау қаласында да орын алды. Ақтау қалалық пробация қызметінде жыл басынан сотпен белгіленген жаза тәртібін 18 сотталған бұзған. Оларға қатысты Ақтау қалалық сотына өтелмеген жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы құжаттар жолданды. Соттың шешімімен материалдардың алтауы қанағаттандырудан бас тартылып, сегізі қанағаттандырылды.

Қыркүйек айында Д. мен Е. есімді сотталғандарға қатысты Ақтау қалалық пробация қызметінің ұсынысы қанағаттандырылып, үкім заңды күшіне енді. Соттың қаулысымен есепте тұрған үш тұлға уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Енді олар жазасының өтелмеген мерзімін ҚАЖ мекемесінде өтейтін болады.

EL.KZ
Бөлісу: