Маңғыстау облысы әкімдігі 2012 жылы «Қошқар-Ата» қалдық сақтау орнын рекультивациялаудың бірінші кезеңі бойынша техникалық-экономикалық негіздеме әзірледі. Осы негіздеме негізінде 2017 жылы жобалық-сметалық құжаттама жасалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жобаға сәйкес 4279 га жер аумағын 30 см биіктікте нығыздалған топырақпен жабу жұмыстары қарастырылған. Жобаның құны – 17,5 млрд теңге. Қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджет қаражаттары есебінен жүзеге асырылады.
2020 жылы мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде (конкурсты ұйымдастырушы – Табиғи ресурстар басқармасы) «Павлодар өзен порты» АҚ мердігер ретінде анықталып, 15,7 млрд теңгеге шарт жасалды.
2021 жылы мердігер 266,2 га аумақты рекультивациялап, 1,0 млрд теңге игерілді.
2022 жылдың қаңтарында мердігер инфляцияға байланысты қалпына келтіру жұмыстары 10%-ға қымбаттағанын және нығыздалған топырақ сатып алу жобада қарастырылмағанын ескере отырып, жобаның құнын қайта қарауды ұсынды. Осыған байланысты 2022 жылы ЖСҚ-ға өзгерістер енгізіліп, қалпына келтіру жұмыстары уақытша тоқтатылды.
2023 жылы жобаны қайта қарау туралы шешім қабылданып, 2017 жылғы ЖСҚ негізінде жаңа ЖСҚ әзірленді (№01-0527/23, 15.12.2023 ж.). 31 қаңтар 2024 жылы құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауға рұқсат берілді.
2024 жылдың ақпан айынан бастап мердігер қалпына келтіру жұмыстарын қайта қолға алды.
Қазіргі уақытта «Қошқар-Ата» қалдық сақтау орнын рекультивациялау жобасының құны 15,5 млрд теңгеден 51,8 млрд теңгеге дейін 3 еседен астам өскен.
Жобаның ауқымы анықталғанымен, экологияға, денсаулыққа және адам өміріне әсер ету бойынша зерттеулердің 2012 жылы жүргізілгені ескерілмеген.
Қоғам, оның ішінде жергілікті тұрғындар жобаның экологиялық тиімділігіне және мемлекеттік қаражаттың мақсатты жұмсалуына алаңдаушылық білдіруде.
Ашық жиналыс түрінде өткен қоғамдық тыңдаулар барысында Мұнайлы ауданының Басқұдық, Баянды, Маңғыстау ауылдарының, Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылы мен Ақтау қаласының тұрғындары жоба қаражаты, құрылыс жұмыстары және топырақ сапасы мәселелері бойынша сын айтты.
Осыған байланысты ҚР Үкіметі жобаны қайта қарап, қосымша ғылыми зерттеулер жүргізуді тапсырды. Осы себепті жұмыс толық зерттелгенге дейін тоқтатылды.
2024 жылдың маусым–тамыз айларында ҚР Үкіметінің тапсырмасымен Экология, Энергетика және Денсаулық сақтау министрліктерінің мамандары «Қошқар-Ата» қалдық сақтау орны аумағындағы су, атмосфералық ауа сапасы, радиациялық фон және топырақтың ластану деңгейін бақылаудан өткізді. Шекті рұқсат етілген концентрациядан асып кету анықталмады.
Қосымша ақпарат:
• 2023 жылы 40 нүктеде гамма-фон бойынша 152 өлшеу жүргізіліп, радиоактивті ластану анықталмады.
• 2024 жылдың 1 тоқсанында 30 бақылау нүктесінде 99 өлшеу жүргізіліп, шекті рұқсат етілген деңгейден асу байқалмады.
Сонымен қатар, Үкімет аппаратының өңірлік инспекторы Үйсімбаев Е.К. төрағалығымен өткен экологиялық мәселелер жөніндегі отырыста «Қошқар-Ата» қалдық сақтау орнының жағдайымен танысу үшін 2024 жылғы 3 шілдеде Ақтауда көшпелі кеңес өткізілді. Кеңес нәтижесінде жобаны жүзеге асыру бойынша жол картасы әзірленуде, сондай-ақ қалдық сақтау орнын зерттеу бойынша жұмыс тобы құрылды.
2024 жылдың тамыз айында Энергетика министрлігі мен Ұлттық ядролық орталық өкілдері қалдық сақтау орны аумағын радиациялық ластану бойынша зерттеді.
Алдын ала деректерге сәйкес, топырақты жабу «Қошқар-Ата» қалдық сақтау орнын рекультивациялаудың тиімді әдісі болып табылмайды. Алынған мәліметтерге сүйенсек, бұл учаскелер қатты радиоактивті қалдықтарға жатпайды, гамма-сәулелену эквиваленттік дозасының қуаты 0,001 мЗв/сағ (1 мкЗв/сағ) аспайды.
Каспий тұщыту зауыты
Ақтау қаласындағы «Каспий» тұщыту зауыты 2004 жылы салынған және пайдалануға берілген. Зауыт өнеркәсіптік аймақта, Ақтау қаласының шығыс бөлігінде орналасқан. Ең жақын тұрғын аймаққа дейінгі қашықтық – 2 км, Каспий теңізіне дейін – 2,5 км.
Теңіз суы кері осмос әдісімен тұщытылады.
Зауыт қуаттылығы 2016-2017 жылдары жаңғыртудан кейін 20 000 м³/тәулікке жетті. Қазіргі уақытта зауыт 200 000-нан астам адамды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді.
2021 жылдың сәуірінен бастап зауытты 40 000 м³/тәулігіне дейін кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны – 18,1 млрд теңге.
Жоба 2024 жылдың қараша айында аяқталады деп жоспарланған.
“МАЭК” ЖШС
“МАЭК” ЖШС – Маңғыстау облысының өмір сүруін және дамуын қамтамасыз ететін, өңір мен Ақтау қаласының өнеркәсіптік тұтынушыларын электр энергиясымен, жылу энергиясымен, ауыз, техникалық және ыстық сумен қамтамасыз ететін ірі көпсалалы кәсіпорын.
“МАЭК” ЖШС – құрамында бірнеше негізгі бөлімшелері бар күрделі технологиялық кешен:
• 1-ЖЭО (1962-1967 ж. пайдалануға берілген),
• 2-ЖЭО (1968-1984 ж. пайдалануға берілген),
• ЖЭС (1983-1990 ж. пайдалануға берілген),
• Ауыз, техникалық және ыстық сумен жабдықтау зауыты (1969-1989, 2008, 2014 ж. пайдалануға берілген).
БН-350 реакторлық қондырғысы
1972-1973 жылдары пайдалануға берілген.
1999 жылдан бастап пайдаланудан шығару процесінде.
Негізгі міндеттері:
• Ядролық материалдарды сақтау кезінде ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
• Бекітілген ғимараттар мен құрылыстарды пайдалану, уақтылы қызмет көрсету және ағымдағы және күрделі жөндеулер жүргізу;
• Пайдалануда қалған жүйелерді және БН-350 реакторлық қондырғысын пайдаланудан шығару жұмыстарын орындау кезінде радиациялық, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын қамтамасыз ету;
• Ядролық материалдарды, ИИИ (иондаушы сәулелену көздері) және РАО (радиоактивті қалдықтарды) есепке алу мен бақылауға қатысты МАГАТЭ мен ҚР ЭМ ЯҚМК талаптарының сақталуын қамтамасыз ету.
Негізгі функциялары:
• Жүйелер мен жабдықтарды қауіпсіз пайдалану, жөндеу, консервациялау, жұмысқа қабілеттілігін сақтау;
• БН-350 реакторлық қондырғысын пайдаланудан шығару жұмыстарын ұйымдастыру және сүйемелдеу.
БН-350 реакторлық қондырғыларына тиесілі:
• 610 м³ радиоактивті натрий;
• 20 м³ натрий-калий қоспасы;
• 1 752 м³ сұйық радиоактивті қалдықтар;
• 7 276 тонна әртүрлі белсенділіктегі қатты радиоактивті қалдықтар.
Кәсіпорын шығарындыларын автоматты бақылау жүйесі (АБЖ)
АБЖ котельдіктің бастапқы құрылғыларына орнатылуда. Қазіргі уақытта орнату толық аяқталған жоқ.
“МАЭК” ЖШС орнату мерзімін ұзартудың себептері көрсетілген және кезеңдер бойынша сипатталған жол картасын әзірлеп, оны Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне жолдады. Алайда, мерзімдер көрсетілген жол картасы келісілмеген (бастапқы орындау мерзімі: 2023 жылдың 1 қаңтары).
АБЖ енгізілмеуінің салдары:
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес, бұл 1 200 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салуға және экологиялық рұқсатты тоқтата тұруға әкеледі.
Осы мәселеге байланысты Департамент жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша “МАЭК” ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылып, Департамент АБЖ орнатуды 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқтау туралы нұсқама берді.