Маңғыстауда Бекет Ата жолының бойына визит-орталық салынады

21 Қараша, 07:28 400

Маңғыстау өңіріндегі «Жыланды» мүйісі туристік орын ретінде абаттандырылып, Бекет Ата жолының бойынан саяхаттаушылар үшін келесі жылы визит-орталығы салынады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың аудан халқымен кездесу жиынында мәлімдеді. Қарақия ауданының бас жоспарына сәйкес, теңіз жағалауынан «Жыланды» мүйісіне дейін туризмді дамыту үшін арнайы жер бөлінді. Бүгінгі күні «Жыланды» мүйісін туристік орын ретінде дамыту мақсатында жоба жасақталып жатыр.

Сонымен қатар, Бекет Ата жолының бойынан «Визит Ақтау» ЖШС визит-орталығын салмақшы. Жоба құны 200 млн теңге. Онда өңірдің туристік әлеуеті жайлы толық ақпарат жинақталады. Мамандар туристерге қандай саяхат түрін таңдау керегі жайлы бағыт береді. Саяхаттаушылардың ас-суын ішіп, тынығуына мүмкіндік жасалады. Орталық құрылысы келесі жылы басталады.

Маңғыстау облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарына сай. Қарақия ауданында туризм саласын дамыту мақсатында тағы да бірқатар жоба ұсынылып отыр.

Атап айтқанда, «Қызылқұм» жері мен Сенек ауылынан демалыс орындарын ашу көзделуде. Құрық Порты бағытындағы жол бойында қызмет көрсету орталықтары мен “Сенек Сафари» жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар әйгілі Бозжыра шатқалына барар жолдың құрылысын салу да жоспарда бар.

Зарина Арман
Бөлісу: