Маңғыстауда балаларға 21 ойын алаңы тарту етілді

15 Наурыз 2023, 10:30 2883
Маңғыстау облысы Жаңаөзен өңірінде 21 ойын алаңының алғашқы 3-еуі халық игілігіне берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының корпоративтік қызметі мәлімдеді.

Былтыр Жаңаөзен қаласы мен Жетібай ауылында жаңа да қауіпсіз, қазіргі заманға сай футбол, баскетбол, волейбол және басқа да спорт түрлеріне арналған 21 спорт алаңының құрылысын бастаған болатын. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталып, алғашқысы Жаңаөзенде  ел игілігіне пайдалануға берілді, - делінген ақпаратта.
Бұл жаңалық Жаңаөзендік балаларды ғана емес, ересектерді де зор қуанышқа бөледі. Көлемі 1200 шаршы метрді құрайтын ойын алаңы сапа жағынан барлық талаптарға сай келеді әрі орналасқан аумағының инфрақұрылымына да көрік беріп тұр.


Наурыз айының соңына дейін әрқайсының аумағы 400-ден 1200 шаршы метрге дейінгі тағы да 18 спорт алаңы тұрғындарға пайдалануға беріледі.

«Біздің қор үшін қайырымдылық көмек көрсету кезінде жобалардың жүйелілігі және компаниялар тобының кәсіпорындары бар өңірлерді қамту, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту маңызды болып табылады. Бүгінде тұсауы кесіліп жатқан және наурыз айының соңына дейін берілетін спорт алаңдары тұтас қоғам игілігіне жарайды деген сенімдеміз», - деді қордың басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов.

Жаңа алаңдардың тұсаукесер рәсіміне қала тұрғындары, қоғам белсенділері және жергілікті жүйеқұраушы мұнай саласы кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

 «Өткен жылы жаңаөзендік мектептерді жаңа парталар жиынтығымен және интерактивті тақталармен жабдықтауға, оңалту орталығының, бейімделген спорт секциялары мен кешенінің ашылуына көмектесті. Бұл қаланың дамуына және балаларымыздың болашағына қосылған баға жетпес үлкен үлес. Әрі қарай да ынтымақтастығымыз тұрақты және табысты болады деп үміттенеміз», - деді өз сөзінде Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Жаңабай Аймағанбетов.

Осылайша, ақпан айында басталған әлеуметтік жобаларды дамыту қорының «Ынтымақ» жобасы еліміздің батысында жалғасын тапты.

2022 жылы аталған қор арқылы арқылы бір ғана Маңғыстау өңірінде 1,8 млрд теңге сомаға 8 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды.

EL.KZ
Бөлісу: