26.10.2025
03:29
3058
Маңғыстауда ауыл мектебі үздік нәтиже көрсетті

Маңғыстауда ауыл мектебі үздік нәтиже көрсетті

Маңғыстау облысындағы Сайын Шапағатов ауылындағы Ғұбайдолла Айдаров атындағы №1 мектеп-лицейі өңір бойынша үздік мектептер қатарына енген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Білім ошағының директоры Бибигүл Себепбай айтуынша, білім беру үдерісінде ерекшелік көп. Бибигүл Лесбайқызы мектеп-лицейде төрт жыл директорлық қызмет атқарып келеді. Бұл білім ордасына түркітанушы Ғұбайдолла Айдаровтың есімі берілге. 2009 жылы пайдалануға берілген мектеп 2024 жылға дейін үш ауысымда жұмыс істеді. Қазіргі таңда мұнда 750 оқушы білім алса, оларға 102 мұғалім сабақ береді.

Педагогтардың 40 пайызы зерттеуші және сарапшы мамандар. Мектептің білім сапасы 59 пайызға жетті. Оқушылардың білім деңгейін арттыру мақсатында бірнеше жобалар қолға алынған. Олардың ішінде оқытуды зерттеу арқылы жетілдіру жобасы ерекше орын алады. Мұғалімдер тәжірибе алмасып, төрт жылдан бері бұл бағытта жұмыс істеп келеді және бұл тәжірибе облыс бойынша таралған, - деді директор.

Сондай-ақ, білім сапасы төмен сыныптарда мұғалімдер бірігіп сабақ өткізіп, оқушыларға қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, мектеп Абай Құнанбаевтың «Толық адам» ілімі бойынша үшінші жылдан бері жұмыс жасап келеді.

Бұл бағдарлама аясында оқушылардың жан-жақты дамуы үшін ақынның өлеңдерін жатқа айту, шығармашылығын сурет салу арқылы көрсету, қара сөздері негізінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады, - дейді Бибігүл Лесбайқызы.

2025 жылы мектепті 79 оқушы аяқтаса, оның үшеуі алтын белгі, үшеуі үздік аттестатқа қол жеткізген.

Түлектердің 60 пайызы білім грантын жеңіп алды. Түпқараған ауданы биыл ҰБТ нәтижесі бойынша Маңғыстау облысында бірінші орынға ие болды. Ал №1 мектеп-лицей білім сапасы бойынша облыста үшінші орында тұр. Сонымен қатар, оқушылардың мамандық таңдау мен грантқа түсу көрсеткіштері жақсы нәтижелерді көрсетуде, - дейді мектеп басшысы.

Бибигүл Себепбай педагогика саласында 36 жыл жұмыс істеп келеді. Оның ішінде 15 жыл басшылық қызмет атқарған. Бұрын Маңғыстау ауданындағы Сәттіғұл Жанғабылұлы атындағы орта мектептің директоры болып 11 жыл қызмет еткен. Кейіннен Сайын Шапағатов ауылындағы мектеп-лицейдің басшылығына тағайындалды.