Маңғыстауда арақ ішпейтін ауыл пайда болуы мүмкін

26 Қазан, 18:05 488

Түпқараған ауданының әкімі Рахат Елтизаров халықпен кездесуі аясында Таушық ауылының тұрғындарымен жүздесіп, «алкогольсіз ауылға» айналдыруды ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Таушық ауылында 3 363 тұрғын тіркелген. Ауыл тұрғындарына 1 амбулатория, 2 жеке медицина орталығы қызмет көрсетеді. 3 балабақша 1-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерге мектепке дейінгі тәрбие беріп отыр. Бүгінде балаларды балабақшамен қамту 100%-ды құрайды. Жалпы білім беретін Шахта мектебінде 2024-2025 оқу жылын 722 оқушы бастаған.

Кездесу барысында аудан әкімі Рахат Елтизаров ақсақалдарға Таушық ауылын «алкогольсіз ауылға» айналдыруды ұсынды.

Ардақты ардагерлер! Сіздерге ішкі мәдениетті дамытып, көрші аудандарда жүргізіліп жатқан жақсы үрдіс бойынша Таушық ауылын «алкогольсіз ауыл» ретінде көпке үлгі етіп, алкогольді ішімдіктерден бас тартуға арналған жұмыстарды жүргізуге ұсыныс білдіремін, деді Рахат Елтизаров.

Кездесуде ауыл тұрғындары өздерінің толғандыратын сұрақтарына жауап алып, артынан Рахат Тезекбайұлы ауыл тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдаған.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: