Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың бастамасымен Каспий теңізі жағалауында тазалық жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Өңір басшысы тұрғындар мен туристерді демалыс орындарын таза ұстауға шақырған. Тазалық шарасына облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, коммуналдық қызмет мамандары мен мемлекеттік қызметшілер жұмылдырылған. Жағажай аумағындағы тұрмыстық қалдықтар жиналып, санитарлық жағдай ретке келтірілсе керек.
Нұрдәулет Қилыбай өңірге келетін саяхаттаушылар мен жергілікті тұрғындардың табиғатқа ұқыпты қарауының маңызды екенін атап өтті.
Бүгін әріптестерімізбен теңіз жағасын тазалауға шықтық. Себебі, өкінішке қарай, кейбір демалушылар артынан қоқысын жинамай кетеді. Әрине, жауапты мамандар, коммуналдық қызметкерлеріміз тазалықпен тұрақты айналысып жатыр, бірақ бұл тек олардың ғана міндеті емес. Егер әр адам өзі пайдаланған орынды тазалап кетпесе, ешқашан толық тәртіп орнамайды. Қазір туристер саны күн сайын артып келеді. Маңғыстаудың көрікті жерлерін тамашалаңыздар, теңізге түсіңіздер, демалыңыздар, бірақ, ең бастысы өз іздеріңізді жинап кетсеңіздер деген тілегіміз бар. Ағайын, табиғатты ластамайық, аялайық. Бұл туған елге, туған жерге, Жер-Анаға деген құрметтің белгісі, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жыл басынан бері Маңғыстау облысына 66 мыңнан астам турист келген. Қазіргі таңда өңірде 31 демалыс орны жұмыс істейді. Оның ішінде 25-і Ақтау қаласында, 6-ы Қарақия ауданында, 4-і Түпқараған ауданында және 2-і Жаңаөзенде орналасқан.