Маңғыстау облысында өнер мектебін сатып алуда заң бұзушылық анықталды

6 Қазан 2023, 00:31 696

«ADILDIK JOLY» РҚБ филиалы Ақшұқыр ауылындағы Өнер мектебіне дайын ғимаратты сатып алу кезіндегі бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі mangystautv.kz-ке сілтеме жасап.

Ғимаратты сатып алуға 145 миллион теңге жұмсалған көрінеді. Мониторинг жүргізу кезінде еріктілер ғимараттың техникалық ерекшелік талаптарына сәйкес емес екеніне көз жеткізді. Техникалық талапта 32 кабинет болу керек деп көрсетілсе, сатып алынған ғимаратта 19 кабинет бар екен. Мектепте талап етілетін бес санитарлық тораптың біреуі жоқ болып шыққаны тағы бар. Нысан оқу жылының басында ашылғанымен, оның техникалық, санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі еріктілерде күмән тудырып отыр. 

Орталықтың жұмыс істеп бастағанына бір айдан асты. Онда 500-ге жуық бала қосымша білім алады. Мектепте өрт қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген. Бірде-бір өрт дабылы датчигі орнатылмаған, өрт сөндіргіштер жоқ. Біз еріктілермен бірлесіп, мектеп өкілдерінің қатысуымен мониторинг жүргіздік. Нәтижесінде, мемлекеттік сатып алу шартының талаптарында көрсетілген бірде-бір сәйкестік жоқ екеніне көз жеткіздік, - деп атап өтті «ADILDIK JOLY» РҚБ филиалының директоры Асқар Жақсыбаев.

Қоғамдық ұйымның мониторингі кезінде анықталған фактілерді растау кезінде жағдайға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі тиісті органдар араласуы мүмкін. Қазіргі уақытта аудиторлық тексеру тағайындалған екен. 

Перизат Саденова
Бөлісу: