Маңғыстау облысында бір жылда 12 ауыл ауыз сумен қамтылды

21 Наурыз 2023, 21:00 1129

Маңғыстау облысы тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – өңірдегі өзекті мәселелердің бірі. Халықты тіршілік нәрімен қамту ісі Астрахань-Маңғыстау су құбыры арқылы келетін Еділ суы мен теңіз суын тұшыту арқылы жүзеге асырылады. Осы су көздерінің жалпы қуаты тәулігіне 156,8 мың текше метрді құрайды. Алайда, бұл су тапшылығын толық шешпейді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында ауыз су мәселесіне ерекше назар аударып, арнайы тапсырма берді. Өңірдегі елді мекендердің 20 пайызында ауыз су жетіспеушілігі тіркелген. Аталған мәселені шешу үшін қабылданған шаралар 12 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Маңғыстаудың он екі ауылында орталықтандырылған су құбырлары (Бекі, Басқұдық, Сам, Тұрыш, Ноғайты, Қызылөзен) жүргізіліп, суды тазартудың кешенді блоктық-модульдік қондырғылары (Тиген, Тасмұрын, 15 разъезд, Боздақ, Қияқты, Аққұдық) орнатылды.

Мамандардың айтуынша, облыста ауыз судың тапшылығы әсіресе жазда байқалады. Су тапшылығы тәулігіне 52,7 мың текше метрді құрайды, ал өңірдің даму деңгейін ескере отырып, 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш тәулігіне 266,3 мың текше метрге, ал тапшылық – 109,5 мың текше метрге жетпек.

Өңірде су тапшылығын түбегейлі шешу мақсатында тоғыз су тұшыту зауытын салу жоспарлануда. «Каспий» тұшыту зауытының қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл жобаны іске асыру үшін 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 12,1 млрд теңге бөлінді. Жобаның 80%-ы әзірленген. Зауыт 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға берілуі тиіс.

Сонымен қатар, Қаражанбас кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр суды тұшыту зауыты салынып жатыр.

2023 жылы МАЭК аумағында тәулігіне 24 мың текше метр су тұшыту қондырғыларының және Форт-Шевченко қаласында тәулігіне 5 мың текше метр су тұшыту зауытының құрылысы басталады. Бұл жобалар 2023-2024 жылдары іске асырылатын болады.

Ақтауда қуаттылығы тәулігіне 20 000 текше метр су тұшыту зауытының құрылысы жүргізілуде. Биыл бірінші жартыжылдықта Ақтаудағы ауыз судың жалпы ағыны тәулігіне бес мың текше метрмен толықтырылады деп күтілуде.

Сондай-ақ облыста «Каспий» тұшыту зауытының қуатын 100 мың текше метрге жеткізу жөніндегі жоба іске асырылмақ, сондай-ақ Кендірлі аумағында, Ақшұқыр, Шапағатов және Боранқұл ауылдарында тұшыту қондырғыларын салу жоспарланып отыр.

EL.KZ
Бөлісу: