Маңғыстау  мен Өзбекстан арасындағы іскерлік байланыс жолға қойылды

7 Шілде, 19:10 796

Ақтауда «Өзбекстанда жасалған: Қарақалпақстанның өнеркәсіптік әлеуеті» атты бизнес форумы және В2В кездесулер өтті. Форумға Маңғыстау облысы әкімі Н.Қилыбай, Қарақалпақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі және өзге де мүдделі мемлекеттік орган өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдымен аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай өзбекстандық кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлерінің өнімдері қойылған көрмемен танысты. 

Ал пленарлық отырыста Қарақалпақстан Республикасының экономикалық мүмкіндігі мен Маңғыстау облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылды.
 
Нұрдәулет Игілікұлы бірлескен іс-шараның екі ел арасындағы бұрыннан бар сауда-экономикалық қатынастарға жаңа серпін беріп, екі жақты тығыз қарым-қатынас орнатуға септігін тигізетінін атап өтті.

Өзбек, Қарақалпақ ұлтымен тіліміз, дініміз бір бауырлас елміз. Арамызды шекара жалғаған көршілес елмен іске асып жатқан бүгінгі бастамамызға сәттілік тілеймін. Екі ел арасында сауда-саттықпен қатар қызмет көрсету саласындағы қатынастар да жоғарғы деңгейде дамуда. Алайда, шешілмеген мәселелер бар. Жақында ғана Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының туристтік мүмкіндіктерін одан әрі дамыту бағытында нақты тапсырмалар берген болатын. Осыған орай, әуе қатынастарын қайта жандандырып, үзіліп қалған байланысты жалғап, Қазақстан мен Өзбекстанның бірегей туристік әлеуетін арттыру мақсатында бірлесе жұмыс жасауға әзірміз. Сондай-ақ, Маңғыстауға жері мен климатына байланысты азық-түліктің 80% сырттан келетіні өздеріңізге мәлім. Екі ел арасындағы тауар айналымын одан әрі ұлғайту мәселесіне де аса мән беріп, сіздің тарапыңыздан да ұсынылатын импорттық-экспорттық жоспарларыңызды екі жақты тиімді дәрежеде қарауға дайын екендігімізді айтқым келеді. Бұл жиын нақты іс-әрекеттердің бастамасы болады деп нық сенемін, - деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Жиын соңында екі ел кәсіпкерлерінің байланысын одан әрі жандандыру мақсатында Маңғыстау облысының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Өзбекстан Республикасының Сауда-өнеркәсіп палатасына қарасты Қарақалпақстан Республикасы Басқармасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Перизат Саденова
Бөлісу: