Маңғыстау мектептерінде жаңа тамақтану стандарты енгізіледі

Маңғыстау мектептерінде жаңа тамақтану стандарты енгізіледі

1 қыркүйектен бастап еліміздегі барлық мектептерде оқушыларды тамақтандырудың жаңа стандарты қолданысқа енеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.  

Жаңартылған талаптар оқушыларға қауіпсіз, сапалы әрі теңгерімді тағам беруді көздейді. Бұл туралы Маңғыстау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Баян Сатқанбаева мәлімдеді. 

Оның айтуынша, жаңа стандарттың басты мақсаты - балалардың дұрыс әрі пайдалы тамақтануын қамтамасыз етуге бағытталып отыр. 

Енді мектеп асханаларында тұз, қант және май мөлшері азайып, керісінше көкөністер мен жемістердің үлесі көбейеді. Сонымен қатар, табиғи емес, денсаулыққа зиян тағам түрлері мәзірден мүлде алынып тасталады. Құрамында қант көп сусындардың орнына енді балаларға газдалмаған су, сүт, айран, жеміс шайы, компот сияқты пайдалы өнімдер ұсынылады. Стандартта арнайы диета ұстанатын немесе аллергиясы бар балаларға да жағдай жасалуы қарастырылған. Шағын мектептерде ас блогы болмаса, олар үшін де ерекше талаптар белгіленген, - деді Баян Сатқанбаева. 

Брифинг барысында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Зәмзәгүл Көбенова алғаш рет мектеп асханаларында «жеуге жарамсыздық индексі» деген жаңа ұғым енгізілгенін айтты.

Ол бұл көрсеткіш арқылы балалардың қандай тағамдарды жемей қалдыратыны сараланып, ас мәзірі соған сай реттелетінін жеткізді.  

Жаңа тәсіл - тек мектеп оқушыларының денсаулығын сақтау ғана емес, бүкіл қоғамның салауатты болашағына бағытталған ұлттық стратегияның бір бөлігі. Енді мектептегі ас мәзірі де, асхананың санитариялық жағдайы да үнемі қатаң бақылауда болады. Бұл стандарттың тиімді енгізілуін және қол жеткізілген нәтижелердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мектептегі тамақтанудың жаңартылған тәсілі халықтың денсаулығын нығайту және Қазақстанның орнықты дамуы жөніндегі ұлттық стратегияның ажырамас бөлігі болады. Стандарттың іске асырылуы өнімдердің сапасына және мектептегі тамақтану нысандарының санитариялық жағдайына бақылауды күшейтумен қатар жүретін болады,- деді Зәмзәгүл Кубенова.