Маңғыстау әкімінің орынбасары қонақтармен жүріп, Мәжілістің жиына қатыса алмады

19 Мамыр 2023, 16:45 1563

Мәжілістегі Үкімет сағатында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев орнында болмай, скайп арқылы жиналысқа қатыса алмады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісте ғылымды дамыту мәселесі талқыға салқыға салған Үкімет сағаты өткен. Жиынға депутат Дания Еспаева төрағалық еткен еді.Отырыста депутаттар өңірлерде облыс әкімдіктерінің қолдауымен қандай ғылыми жобалар іске асырылып жатқанын сұрады. Кезек Маңғыстау облысына келді. Бірақ облыс әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев орнында болмай шықты. 

Өкінішке қарай, қазір облыс әкімінің орынбасары орнында жоқ. Қазір ол облыста қонақтармен жүр, - деді Мәжілістегі Үкімет сағатына онлайн қатысып жатқан Маңғыстау облысы әкімдігінің өкілі.

Дания Еспаева "Онда сіз жауап бермей-ақ қойыңыз, сол қонақтарымен жүре берсін. Әкім орынбасарына бізден сәлем айтыңыз, ақтаулықтар қонақжай, оны білеміз. Сізден онда жауап керек емес" деп микрофонды өшіртіп тастады.

Сол секілді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов жиналысқа қатысқан жоқ. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Рауан Таран әкім орынбасарының басқа жиынға қатысып жатқанын айтты  Сондай-ақ ол сұраққа орыс тілінде жауап берді.

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева оған ескерту жасады.

Алмас Абылай
Бөлісу: