Екібастұздағы «Богатырь» кеніші – Қазақстан энергетикасының алып жүрегі. Мұнда өндірілген көмір еліміздің электр станцияларына жеткізіліп, миллиондаған отбасының жарығы мен жылуына айналады. Осы кеніште 42 жыл бойы табан аудармай еңбек еткен Қасымжан Мыңбаев – адал еңбегімен танылған шахтер, ұжымның абыройын арттырған жан. Бүгінде ол құрметті еңбек демалысында. Біз ардагер кеншімен әңгімелесіп, оның өмір жолы, шахтерлік кәсібінің қыры мен сыры, кеніштің бүгіні мен болашағы жайлы әңгімелестік.
El.kz: Қасымжан аға, туған жеріңіз де, тағдырыңыз да көмірмен байланысты екен. Шахтаға алғаш қадам басқан кезіңізді еске алсаңыз...
Қасымжан Мыңбаев: Мен 1954 жылы көмірлі Екібастұзда дүниеге келдім. Бала күнімнен-ақ көз алдымда шаң-тозаңнан бет-жүздері қарайып, ауыр еңбектен белдері бүгілген кеншілер жүретін. Солардың еңбегі бізге үлгі болды. Әскерден келген соң, еш ойланбастан «Богатырь» кеніші жүк тиеу-көлік басқармасына жұмысқа тұрдым. Көп ұзамай машинист көмекшісінің курсын оқып шықтым. Сөйтіп, 42 жылға созылған еңбек жолым басталды.
Алғашқы күндері-ақ бұл кәсіптің оңай емес екенін түсіндім, бірақ мойыған жоқпын. Таңдаған кәсібімді меңгеруге бар күш-жігерімді салдым
El.kz: Жер астында алғашқы ұстазыңыз кім болды? Ол кісіден нені үйрендіңіз?
Қасымжан Мыңбаев: Жолым болып, Александр Семенов деген машинистің қасында еңбек еттім. Ол нағыз еңбек адамы еді. Маған жұмысқа деген адалдықты, әрбір бөлшекке ұқыптылықпен қарауды үйретті. «Машинаға жүрекпен қарамасаң, ол сені тыңдамайды» дейтін. Бұл сөзді ешқашан ұмытқан емеспін.
Кейін бригадир, аға машинист болып, өзім де жас мамандарға тәлімгер болдым. Қаншама жігіттерді үйреттім. Бұл – шахтерлік дәстүр: үлкендер үйретеді, жастар жалғастырады.
El.kz: Ол жылдардағы еңбек жағдайы қандай болды? Қазіргімен мүмкіндігінше салыстырып өтсек.
Қасымжан Мыңбаев: Рас айтасың, қиындығы мен машақаты көп еді. Кеніштің жалпы тереңдігі 200 метрден асады. Дизельді электровозға көмір тиеп, жоғарыға шығару үшін шамамен бір сағат уақыт кететін. Бір рейс жасап келу үшін үш сағаттай уақыт жұмсалатын.
Қыс болса, кабина іші қақаған суық, қолың мұз болып қатып қалатын. Ал жазда темірдің бәрі қайнап, ішіндегі ауа +62 градусқа дейін қызатын. Түтін мен шаң-тозаңнан тыныс алу да қиын болатын.
Бірақ жоспарды орындау – басты міндет. Қандай жағдайда да жұмысты тоқтатуға болмайтын.
Ал қазір технология күн санап дамып жатыр, талай жұмыс жеңілдеді. Десе де, шахтадағы шаруаны жеңіл деп айта алмаймын.
El.kz: Қазақ азаматтарының үлесі сол кезде қандай еді?
Қасымжан Мыңбаев: 1980-ші жылдары жер астында небәрі екі-үш қазақ қана жұмыс істейтінбіз. Қалғандары өзге ұлт өкілдері болды. Сол жылдары қазақ жігіттерінің аздығы ойландырмай қоймайтын. Бірақ уақыт өте келе қатарымыз көбейді. Қазір көптеген қазақ отбасылары әулетімен бірге кеніште еңбек етіп, абыройға бөленіп жүр. Бұл біз үшін мақтаныш.
El.kz: «Богатырь» кеніші әлемге де танымал. Сіз еңбек еткен жылдары қандай ірі жетістіктерге куә болдыңыз?
Қасымжан Мыңбаев: 1985 жылы біздің кеніш рекорд жасап, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Сол жылы 56 миллион тоннадан астам көмір өндірілді. Бұл – ашық әдіспен көмір өндіру жөнінен әлемдегі ең жоғары көрсеткіш болды. Әр бригада, әр шахтер сол рекордқа маңдай терімен, білек күшімен үлес қосты. Бүкіл ұжымның абыройы асқақтады.
Қазір де кеніш жылына 42 миллион тоннадан астам көмір өндіріп отыр. Жаңғырту жұмыстары аяқталған соң, бұл көлем 50 миллион тоннаға жетеді деп жоспарланып отыр. Зейнетке шықсам да бұл саладағы соңғы жаңалықтарды бақылап, қадағалап отырамын. Мәселен, 2025 жылдың бірінші жартысында «Bogatyr Komir» 21,2 миллион тонна көмір өндірді. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1 пайызға көп. Бұл – елдегі экономикалық жағдайға қарамастан, өндірістің тұрақты дамып келе жатқанын көрсетеді.
Ал жалпы Қазақстан бойынша көмір өндірісі 2024 жылы 3 пайызға жуық төмендеген болатын. Демек, біздің кеніш өзінің тұрақтылығын сақтап отыр.
El.kz: Қасымжан аға, соңғы жылдары қандай жаңғырту жобалары жүзеге асты?
Қасымжан Мыңбаев: Соңғы жылдары «циклдық-ағындық технология» енгізілді. Бұл – көмірді өндіру мен тасымалдауды автоматтандыратын жүйе. Бұрын үш сағат уақыт жұмсалатын жұмысты қазір әлдеқайда аз уақытта орындауға болады. Бұл еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, өзіндік құнды төмендетті.
Сонымен қатар, жұмысшылардың денсаулығына зиян келтіретін факторлар да азайды. Бұрын біз шаң-тозаң жұтып, ыстық-суыққа төтеп беріп жүретінбіз. Қазір жағдай әлдеқайда жақсы.
El.kz: Ал инвестициялар көлемі қандай деңгейде?
Қасымжан Мыңбаев: Соңғы жылдары инвестиция айтарлықтай өсті. 2019-2023 жылдары көмір өнеркәсібіне салынған қаражат 86 миллиард теңгеден 156,8 миллиард теңгеге жетті. Бұл – 82 пайызға артық көрсеткіш. Қаражаттың бәрі өндірісті жаңғыртуға, жаңа техникаларды сатып алуға, еңбек жағдайын жақсартуға жұмсалып жатыр екен. Инвестицияның нәтижесінде қазір кеніш заманауи техникамен жабдықталды, өндіріс қарқыны арта түсті. Бұған, әлбетте қуанамыз.
El.kz Мыңбаевтар әулеті кенішпен біте қайнасып кеткен династия екен. Осы туралы толығырақ айтып берсеңіз.
Қасымжан Мыңбаев: Иә, біздің әулеттің өмірі түгел шахтамен байланысты. Өзім бұл салада табан аудармай 42 жыл еңбек еттім. Інім Жұмақан 40 жылдан астам тартқыш агрегаттың аға машинисі әрі машинист-нұсқаушы болып қызмет етті.
Екінші інім Нұрлан 30 жылдан бері поездарды құрастырушы болып жұмыс істеп жүр.
Жұмақанның жұбайы Ғалия да жылу пунктінің операторы ретінде 19 жыл еңбек етті.
Ал ұлым Естай электрослесарь болып 10 жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келеді. Барлығын қосқанда, біздің әулеттің еңбек өтілі қазірдің өзінде 140 жылдан асты. Осындай әулеттердің арқасында кеніштің даңқы артып отыр деп ойлаймын.
El.kz: Қасымжан аға, сіздің еңбегіңіз қалай бағаланды, көңіліңізден шыға ма? Еңбегіңіздің зейнетін көріп отырмын деп ойлайсыз ба?
Қасымжан Мыңбаев: Еңбегім еленбей қалған жоқ. «Көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері» атағын алдым. «Шахтер даңқы» белгісінің толық иегері атандым. Есімім компаниядағы үздік қызметкерлер тақтасына жазылды. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе.
Бірақ ең бастысы – халықтың, ұжымның алғысы. Шахтер еңбегінің ең үлкен марапаты да – осы.
El.kz: Өзіңіз үшін адал еңбек деген нені білдіреді?
Қасымжан Мыңбаев: Адал еңбек – өмірдің мәні. Қиындыққа мойымай жұмыс істеген адам түбінде мұратына жетеді. Біз ыстыққа да, суыққа да, шаң-тозаңға да төздік. Бәріне шыдадық. Өйткені, еңбектің түбі – абырой. Қазір құрметті демалыстамын, бірақ жарты ғасырға жуық еңбегім зая кеткен жоқ деп ойлаймын. Біздің теріміз – еліміздің жарығына, жылуына айналды.
El.kz: Әңгімеңізге рахмет!