МӘМС төлемегендер автокредит ала алмайды

МӘМС төлемегендер автокредит ала алмайды

Қаржы нарығын қадағалайтын орган медициналық сақтандыру төлемдерін уақытында төлемейтіндерді банк үшін әлеуетті қауіп ретінде қарастырады. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк қызметін реттеуге қатысты ережелерге өзгеріс енгізу жобасын дайындады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жобада банк қарыз алғысы келетін адамның міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС), әлеуметтік сақтандыру және басқа да төлемдер бойынша берешегі бар-жоғын міндетті түрде тексеруі қажет екені көрсетілген.

Жоба авторлары медициналық және әлеуметтік сақтандыру бойынша қарыздарды несие алушының қаржылық мінез-құлқы мен төлем қабілетінің индикаторы ретінде қарастыруды ұсынады. Агенттік түсіндіргендей, мұндай төлемдерді кешіктіріп немесе мүлде төлемейтін адам банктер үшін сенімсіз болып саналады, өйткені ол несие алған жағдайда оны да уақытылы қайтармауы мүмкін.

Егер МӘМС жарнасын төлемесе, азамат медициналық көмек ала алмайды, ал ауырған немесе мүгедек болған жағдайда оның қаржылық мүмкіндіктері төмендеп, несие төлеу қаупі артады.