МӘМС мыңдаған адамның өміріне араша болуда

19 Шілде, 20:00 773

Жоғары технологиялы медициналық көмек дәрі-дәрмек пен басқа да ем шаралардан нәтиже болмаған жағдайда адам өміріне араша болудың жалғыз мүмкіндігі. Кезінде қазақстандықтар шет ел асып жасататын күрделі операциялар бүгінде еліміздегі еңселі медициналық ұйымдарда жасалуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты тапсырмаларының бірі де осы болатын. Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділікті арттыру.

Заманауи медициналық құрал-жабдықтар, білікті хирург дәрігерлерінің қызметі мен оңалту шараларына қарай күрделі ота түрлерінің бағасы да қымбат тұрады. Қазақстанда МӘМС жүйесі енгізілгелі медициналық қызмет көрсету әлеуеті жақсарып, жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділік артуда. Науқастардың емі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен қаржыландырылуда. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаражат туралы ашық та нақты мәлімет беруге әрдайым әзір. Мақаламызда Шымкент қаласы бойынша медициналық ұйымдарда МӘМС есебінен жасалған қымбат бағалы оталардың бірқатарына тоқталып өтпекпіз.  

Жасанды жүрек имплантациясы ( құны 77 млн теңге)

Шымкент жүрек орталығында биыл жасанды жүрек отасы жасалды. Жүректің жасанды сол жақ қарыншасын (LVAD) импланттайтын отаның құны 77 миллион теңгені құрайды. Көмекші механикалық құрылғы науқастың қан айналымын жеткілікті көлемде қамтып, жүрек жұмысын қалыпта ұстайды. Соңғы 4 жыл ішінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен мұндай 13 ота жасалған. Жоғары технологиялы медициналық көмек созылмалы жүрек жеткіліксіздігі ауруына шалдыққан азаматтардың өмірін ұзартуға немесе жүрек трансплантациясын күтуге мүмкіндік береді. Аталмыш клиникада ағзаны алмастыру отасы 2023 жылы алғаш рет жасалып, сәтті өткен болатын.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Ләззат Алимованың айтуынша, жыл басынан бері  МӘМС қаражатының есебінен 700-ден астам жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілген.  Атап айтқанда, ауруханаларда ми қан тамырларының күрделі бұзылыстарында, жүрек ауруларын емдеуде және бүйрек, бауыр трансплантациясы мен басқа да ауруларда қымбат бағалы күрделі ота түрлері жасалған.

МӘМС жүйесінде сақтандырылу мәртебесі тұрғындар үшін жоғары технологиялы медициналық көмек, профилактикалық тексерулер мен оңалту шаралары, консультациялық-диагностикалық қызмет пен есепте тұрған науқастардың дәрі-дәрмекпен қамту аясын да кеңейткен. Азаматтар осылайша ай сайынғы жарна есебінен медициналық көмектің кеңейтілген спектріне ие болуда. Биыл Шымкентте 1500-ге жуық жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсету жоспарланған,-дейді ӘМСҚ Шымкент филиалының директоры Ләззат Алимова.

Бүйрек және бауыр алмастыру отасы (құны 6-10 миллион теңгеге жуық)

Бүйрек  алмастыру бойынша күрделі ота құны 6 млн. теңге, бауыр ағзасын транспланттау 9 млн. 800 мың теңгені құрайды.  Биыл Шымкентте  донорлық трансплантология әдісімен 1 бауыр және 4 бүйрек ағзасын ауыстыру отасы сәтті жасалды. Қалалық №1 клиникалық аурухананың білікті дәрігерлер құрамы науқастарға үміт пен сенім ұялатқан жоғары технологиялы медициналық көмектің барлығын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін көрсеткен. Ота жасау залы арнайы медициналық құрал- жабдықтармен толық қамтылған. Күрделі ота барысында 3 дәрігерлер бригадасы жұмылдырылады. Ота жасау уақыты шамамен 12 сағатқа дейін жалғасады. Донорлар негізінен  рецепиенттердің туыстары.

Буын алмастыру отасы (1,5 млн. теңгеге жуық)

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының дәрігерлері жыл басынан бері 100-ге жуық адамға МӘМС есебінен буын алмастыру отасын сәтті жасады. Қол-аяғы қимылсыз қалып, жамбас сүйегі зақымдалған науқастар жасанды буын салдырудың көмегімен қалыпты өмірге оралған. Бүгінде олар емін-еркін жүріп -тұра алады.  

Ауырған буынның орнына жасанды имплант салынатын күрделі отаның құны 1,5 миллион теңгеден жоғары тұрады. Дәрігерлердің айтуынша, жасанды буын ұзақ жылдар бойы қызмет етеді және оның ауруға дейінгі буыннан еш айырмашылығы болмайды. Буынды алмастыру отасы жамбас буынының артрозы (коксартроз), жамбас мойнының сынуы, сан сүйегі басының асептикалық некрозы сияқты диагноз қойылған кезде қажет етіледі. 

Мәліметке сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 12-13 мың адам жамбас буынын алмастыруды қажет ететін операцияға мұқтаж.Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері мұндай қымбат операциялар барлық сақтандырылған азаматтарға қолжетімді.

Көз катарактасы, глаукома және тор қабатының сылынуын емдеу операциялары (құны 900 мың теңгеден астам)

Шымкенттік дәрігерлер зағип жанның көз жанарын қалпына келтірді.  Жасы 70-ке  таяған зейнеткердің оң көзі 10 жыл бұрын  мүлдем көрмей қалған. Көз соқырлығына душар болған зағип жанға тор қабатының сылынуы мен күрделі катаракта диагнозы қойылады. Науқастың айтуынша ем іздеп бармаған жері жоқ. Шипасын «Көз аурулары Қазақ ғылыми-институтының» Шымкент қаласындағы клиникасынан тапқан. Дәрігерлер оған МӘМС қаражаты есебінен құны 900 мың теңгеден асатын күрделі ота жасап, көз жанарын қалпына келтірді. Қор филиалының дирекоры Ләззат Барлықбайқызының айтуынша, Шымкент қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 5 клиника көз ауруларын емдейді.

Элеонора Мамыр
Бөлісу: