МӘМС-ке қаржы аударып, көмек ала алмай отырғандар көп – Айдос Сарым

26 Маусым, 12:00 582

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Айдос Сарым өңірлерде дәрігерлер науқастарды емдеудің орнына қағаз толтырып отыратынын айтып, МӘМС жүйесінің кем-кетік тұстарына тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Барлығымыз өңірге шыққан кезде ең көп шағым айтылатын жүйе – МӘМС. Әріптесім айтып өткендей, азаматтар медициналық сақтандыруға жалақысының бір бөлігін аударады, бірақ тиісті медициналық көмек ала алмай жатыр. Осылай көмек көрсетпеген жағдайлар туралы көп шағым бар. Пациенттер арнайы мамандардың, дәрігерлердің қабылдауын, ультрадыбысты КТ, МРТ және басқасын айлап күтетін болған. Нәтижесінде жаны қиналған азаматтар амалсыз жеке клиникаларға барады. Оған көп ақша төлейді. Осыған байланысты бірінші сұрағым, Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені шешу үшін не істеп жатыр? - деді мәжілісмен.

Депутаттың бұл сауалына денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов жауап берді.

Оспановтың айтуынша, МӘМС-ке қатысты сын-пікірлер көп. Соған қарамастан МӘМС халықаралық деңгейде өзінің сынақтан өткен азаматтарды қорғауға арналған дәлелі бар жүйе.

Бүгінгі таңда министрлік жүйенің сапасына қатысты жұмыстар атқарып жатыр. Біріншісі, ақпараттық жүйелерде интеграцияның жоқтығы. Қай жерде азаматқа қандай көмек көрсетілетіні туралы әртүрлі ақпараттық жүйелерде бекітілген. Олар 20-дан астам ақпараттық жүйе. Өкінішке қарай, көп медициналық ұйымдарда пациенттердің жазылуына тежегіш факторлары бар. Олар бірінші кезекте онлайн жазыла алмайды. Регистратураға немесе дәрігерге тікелей жазылады. Статистика бойынша онлайн дәрігерге жазылу жүйесін пайдаланатындар 4 пайыздың төңірегінде ғана. Қалған 95 пайыздан астамы тіркеуде болмаса, дәрігерге тікелей жазылады. Ол кезде әртүрлі себептермен дәрігерлер уақытын бір-екі аптаға жылжытып отырады. Біз жылдың соңына дейін онлайн жазылуды 50 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Дәрігерлер пациенттермен жұмыс істеудің орнына компьютердің алдында отырады. Тамыз-қыркүйек айларында бұл мәселені жоюды көздеп отырмыз. МӘМС жүйесін қалдыру дұрыс шешім деп есептейміз және кем-кетік тұстарын жетілдіреміз, - деді денсаулық сақтау вице-министрі.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым бұл мәселеге байланысты премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға да сауал қойды.

МӘМС деген түпкілікті мәселеге айналып бара жатыр. Түпкілікті проблемасы – оның артында адам жоқ. Бізде жақсы болсын, жаман болсын денсаулық сақтау мәселесін жақсы білесіз, зейнетақы қорларына қатысты барлығын телефонымызда қосымша бар, қарап отыра аламыз. Осыншама ақша түскенін... МӘМС дегеніміз май-шелпек, осыған азаматтарымызға тетігін, басқасын көрсететін жол бар ма? Біз ай сайын ақша аударып жатырмыз, бірақ 5-10 жылда бір баратын шығармыз. Азаматтардың әрқайсысының өзінің ізін көрсететін жолы бар ма? - деді Сарым.

Тамара Дүйсенова медицина саласын ақпараттандыру жүйесінде үлкен мәселе барын жоққа шығармады.

Бұл салада 49 жүйе барын айтып, бір терезе қағидатын енгізу көзделіп отырғанын жеткізді. Айтуынша, МӘМС жүйесін интеграцияланған жүйесі болмағандықтан, азаматтар өздері қанша қаржы түсіп жатқанын көріп жатқан жоқ. Дегенмен бүгінде 3,5 млн азаматтың қаражаты түсіп отырғанын атап өтті.

Миражан Махан
Бөлісу: