Мамандар елдегі цементбетон жабындарын сақтап қалуға арналған материалды сынақтан өткізбек

24 Тамыз, 23:32 361

«ҚазжолҒЗИ» ғалымдары цементбетон жабындарын сақтап қалуға арналған материалдардың тиімділігін сынақтан өткізбек, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

"ҚазжолҒЗИ" ғалымдары нарықта ұсынылған цементбетон жабындарын сақтап қалуға арналған материалдардың тиімділігін анықтамақ.

Осы мақсатта эксперименттік учаскелерде, нарықта ұсынылған материалдар арасында конкурстық сынақтар өткізілмек. Сынақтар еліміздің оңтүстік және солтүстік өңірлерінде жүргізіледі, бұл әртүрлі климаттық жағдайларда материалдардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.

Конкурстық сынақтар барысында әртүрлі материалдардың функционалдық қасиеттері туралы деректер жиналып, құрамындағы кемшіліктерді жоюға және құрамын жақсартуға мүмкіндік береді.

Конкурстың нәтижелері келесі жылдың көктемінде айқындалатын болады, содан кейін ведомстволық ұйымдардың қатысуымен цементбетон жабындарын күтіп-ұстау кезінде нарықта бар материалдардың сапасы мен оларды қолданудың орындылығы талқыланады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін жолшы ғалымдар отандық жол бояуын өндірушілер арасында сынақ өткізген болатын. Өнімдері конкурстық сынақтардан өтпейтін рейтингі төмен өндірушілерді мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне қатысуға жібермеу көзделуде.

Сондай-ақ, "ҚазжолҒЗИ" автомобиль жолдарының сапасын жақсарту мақсатында құрылыс пен күтіп-ұстаудың барлық кезеңдерінде қолданылатын материалдарға тексеру жүргізіп, рейтингтік әдісті қолдануды көздеуде.  Ал цементбетон жабындарын сақтап қалуға арналған материалдардың функционалдық қасиеттерін анықтау жол инфрақұрылымын жақсарту және оның қызмет ету мерзімін ұзарту бойынша инновациялық шешімдерді іздеп-табуға үшін зерттеулер жүргізуге мүмкіндік бермек.

Зарина Арман
Бөлісу: